Ақтөбеде 55 жастағы ер адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір онымен байланыста болған барлық адам оқшауланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны барлығы – 14. Бүгін 1965 жылы туған ер адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны тіркелді. Ол облыстық жұқпалы аурулар стационарының бокс-палатасына жатқызылды. «Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Хаттамаға сәйкес бекітілген тиісті емдік шаралар жасалып жатыр. Дерт ошағында дезинфекциялық шаралар жасалды, науқас тұрған үй подъезі карантинге жабылды. Қазір жергілікті полиция қызметі күзетіп тұр. Ол адаммен қарым-қатынаста болғандардың бәрі анықталып, оқшауланды», - деді Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 15 сәуір күні сағат 14:34-те жедел жәрдемге шақыру түскен. Бригада арнайы киіммен науқастың үйіне барып, оның үш күннен бері дене қызуы көтеріліп, басы ауырғанын, өзін әлсіз сезінгенін білді. Кейін одан бірден анализ алынып, тексеруге жіберді.
«Науқастың айтуы бойынша шетелге, Ақтөбе қаласының сыртына шықпаған және коронавирус жұқтырған адамдармен бұрын байланыста болмаған. 16 сәуір күні сағат 5:00-де диагноз зертханалық түрде расталды. Індетке шалдыққан адам диспансерлік есепте тұр. Жүрек ишемиясы, қант диабеті, артериялық гипертензиямен ауырады», - деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.