17 қаң, 2023 сағат 19:44

Ақтөбеде «Выгодный депозит» қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Фото: professional-education.ru

№2 Ақтөбе қалалық соты «Выгодный депозит» ЖШС-ін құрып, адамдарға 4 млрд теңге шығын келтірген сотталушыларға үкім шығарды. Олар көлікті қымбат бағаға сатып беруге уәде еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

№2 Ақтөбе қалалық соты Қылмыстық кодекстің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша «Выгодный займ» ЖШС-ін құрып, адамдарға шығын келтірген сотталушыларға үкім шығарды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы Аймағамбетов серіктестікті құрып, оған басшылық еткен. Олар автокөлікті қымбатқа сатып беруге уәде еткен. Сонымен бірге ақша салып, белгілі бір уақытта жоғары пайызбен кері қайтарып алу шартын ұсынған. Ешқандай да кәсіпкерлік бағытта даму болмаған. Сөйтіп 2019 жылдың 30 қарашасы мен 2020 жылдың ақпаны аралығында 800-ге жуық адамды алдап соқты. Іс бойынша 6 адамға айып тағылып, еліміздің үш облысынан жәбірленушілер тіркелді. Сот отырысы кезінде сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Қазіргі кезде шығын өндірілмеген.

«Сотталушы Аймағамбетовке 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан 7 жылға айырылды. Жазасын қылмыстық-түзету жүйесінің қауіпсіздігі мейлінше жоғары мекемесінде өтейді. Ал сотталушылар Абугалиев, Куржимбаев, Таганов, Карасаев, Берниязовқа 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар да коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан 7 жыл айырылды. Жазасын қылмыстық-түзету жүйесінің қауіпсіздігі мейлінше жоғары мекемесінде өтейді. Жәбірленушілердің шығынды өндіру шағымы қанағаттандырылды», - деді №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.