Ақтөбеде коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастармен бір тұрғын үйде тұратын адамдар экспресс-тест тапсыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жедел тест Ақтөбеге жеткізілді. Науқас адамдар тұрған көпқабатты үйдің тұрғындарынан анализ алынып жатыр. Көршілері жедел тест тапсырды. Жұмыс кеше басталды, бүгін жалғасып жатыр», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев әлеуметтік желіде өткен тікелей эфир кезінде.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында көпқабатты үйлердің төрт подъезі жабық тұр. Ол үйлерде шамамен 126 тұрғын бақылауға алынды. Ақтөбе облысының билігі барлығы 24 мың жедел тестке тапсырыс беріп, сатып алған болатын.
Соңғы мәліметтер бойынша, өңірде вирусты жұқтырғандардың жалпы саны – 25 адам.