03 мам, 2020 сағат 11:23

Ақтөбеде үй карантинінің тәртібін бұзған 45 адам жауапқа тартылды

Төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап Ақтөбеде үйдегі карантинді бұзғаны үшін 45 адам әкімшілік жауапқа тартылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

45 адамның 15-і қамауға алынды. 9 азаматқа айыппұл салынды, 9-на ескерту берілді. Сондай-ақ 12 материал сотқа жолданды. 

«Облыс орталығында үйдегі карантинді бұзған адамдар саны артты. Санитар мамандар, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және полиция карантинге жабылған үйлердін тұрғындарымен түсіндіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Үйдегі карантинде жатқан адамдарды тексеру барысында полиция қызметкерлері қала тұрғынын пәтерінен таппады. 32 жастағы ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 476-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сот 10 АЕК-ке әкімшілік айыппұл салды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Ақтөбе облыстық полиция департаменті карантинді сақтау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. 

Егер карантиндегі адам басқа адамға вирус жұқтырса, қолданыстағы заңнамада бұл үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.