14 сәу, 2020 сағат 16:17

Ақтөбеде тағы бір адам коронавирус инфекциясынан айықты

Ақтөбеде тағы бір адам дертінен айығып шықты. Ол Ақтау арқылы Түркиядан келген болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 11 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болатын. Оның біреуі өткен аптада ауруханадан шықты. Бүгін тағы бір науқас дертінен айықты. 

«Түркиядан келген қала тұрғынынан соңғы екі тәулікте екі рет анализ алынып, вирус анықталмады. Бүгін 16 тәулік болды. Ем нәтиже берді. Шағым жоқ, дене қызуы қалыпты. Әрі қарай амбулаторлық бақылауда, үйдегі карантинде болады. Дәрігерлер әлі екі апта бақылауды жалғастырады. Қазір 9 науқас ем қабылдап жатыр. Оның екеуінің жағдайы орташа ауыр, өзгесінің денсаулығы қанағаттанарлық», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. 

Өңірде инфекциялық, прозизорлық және карантиндік госпитальде 270 тұрғын оқшауланған. Оның 40-ы инфекциялық госпитальде жатыр. 

Айта кетейік, үйдегі карантинде 1800-ден астам адам бар. Олардың барлығы экспресс тест Ақтөбеге жеткізілгенде тексеріледі. 

«Құжат рәсімдеу кезінде кедергілер болып, экспресс тест Қорғас шекара бекетінде қалып қойды. Бірер күнде жеткізіліп, алдымен үйдегі карантинде жатқан адамдардан сынама алынады. Егер вирус белгісі анықталмаса, тізімнен сызылады. Ал егер нәтижесі күдік туғызса, зертханалық тексеруге жіберіледі. Бізде ұлттық сараптама орталығы мен обаға қарсы станцияда лаборатория бар. Инфекциялық ауруханадағы зертхана жөнделіп, таяуда іске қосылады. Барлығы тәулігіне 400 адамнан алынған сынаманы зерттеуге мүмкіндік береді», - деді Әсет Қалиев.