24 сәу, 2020 сағат 05:40

Ақтөбеде полиция қызметкерлерінің бәрі жедел тесттен өтеді

Ақтөбеде полиция қызметкерлері жаппай жедел тесттен өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр - Сұлтан уақытымен сағат 22:40-тағы мәлімет бойынша Ақтөбеде індет жұқтырғандар саны 55-ке жетті. Бір тәулікте 28 адам тіркелді.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбі сырттан келген. Кеше Ресейден автобуспен студенттер жеткізілген болатын. Оның 18-нен вирус анықталды. Өзге өңірдің адамдары қазір инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Яғни, ешкіммен байланыс жасамай, карантинде болды. Біз шекаралық аймақпыз. Өз еліне келген отандасымызды шетте қалдыра алмаймыз, сондықтан қабылдаймыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жергілікті арнадағы тікелей эфирде.

Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылған қызметкерлердің бәріне арнайы қорғаныс киімі берілген.

«Полицияға 2 мыңға жуық жедел тест жеткізілді. Бір аптадан бері тексеру жүріп жатыр. Алдымен блокпосттағы құқық қорғаушылар қамтылды. Провизорлық, карантиндік госпитальдегі қызметкерлер де бақылауда. 100-ден астамынан сынама алынып, нәтижесінде ешкімнен вирус анықталмады. Бәрі де тесттен өтеді», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.