Ақтөбеде 29 соғыс ардагерінің әрқайсысына 1 миллион теңгеден берілді. Тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлерінің жесірлеріне де бір реттік көмек аударылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин соғыс ардагерлері Николай Пащенко, Нажимедин Аманбаев, Михаил Диденконың шаңырағында болды. Ақсақалдарды Жеңістің 75 жылдығымен арнайы құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізді. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ардагері Николай Пащенконың жеке өз құрметіне үйінің ауласында Жеңіс шеруі ұйымдастырылды. Әскери оркестр «Жеңіс күні» әнін сүйемелдеп, 66/55 әскери бөлімінің сарбаздары сап түзеп, соғыс ардагеріне сәлем берді. Қария құрметіне арналған шеруді пәтерінің терезесінен тамашалады.
«Өңірде тұратын 6795 соғыс және еңбек ардагеріне облыстық бюджеттен 341 млн теңге көмек берілген. 29 майдангердің әрқайсысына 1 млн теңгеден, 1777 соғыс ардагерлеріне теңестірілгендерге 100 мың, 222 соғыс ардагерінің жесіріне 50 мың, 4988 тыл ардагеріне 30 мың теңгеден табысталды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.