23 сәу, 2020 сағат 09:48

Ақтөбеде коронавирус анықталған жеті науқастың алтауы Ресейден келген

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы Ақтөбе облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 адам туралы толық мәлімет берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Олардың үшеуі, 42 жастағы әйел адам және 39, 37 жастағы ер азаматтар — Ақтөбе облысының тұрғындары. Карантиндік стационарға жатқызылған. Олардың бәрі 22 сәуір күні «Жайсаң» санитарлық-карантиндік бекеті арқылы РФ Мәскеу қаласынан келген. 

Атырау қаласынан автокөлікпен келген 36 жастағы әйел адам карантиндік стационарға жатқызылды. 

Сондай-ақ, 45, 37 және 36 жастағы ер адамдар Орынбор қаласы арқылы Ресейден келген. Олар — Түркістан облысының азаматтары.

«Жайсаң» санитарлық-карантиндік бекетінде олармен сауалнама жүргізіліп, байланыссыз термометрия жасалды.

ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысы COVID-19 диагнозын нақтылады.

Қазіргі таңда олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Жағдайлары қанағаттанарлық.

Азаматтармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды.

Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

23 сәуірдегі жағдай бойынша облыста COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 34 адам анықталды.