Ақтөбенің Мәртөк ауданында анасы мен баласынан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір олар ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр – Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17:25-де Ақтөбе облысында тағы екі адамнан індет анықталған болатын. Олар қазір ауданда ем қабылдап жатыр.
«Инфекциялық стационардағы арнайы бокс палатада барлығы 22 науқас ем қабылдап жатыр. Біреуінің жағдайы ауыр. Жүрек ауруы, қант диабеті секілді созылмалы дерті болған соң кеше тыныс алуы нашарлаған еді. Қазір емнің нәтижесінде жағдайы тұрақталды. Бір науқастың жағдайы орташа ауыр. Соңғы тіркелген дерек бойынша, бір отбасында анасы мен баласы індетке шалдықты. Ақтөбе қаласының тұрғыны 12 сәуір күні Мәртөк ауданына қонаққа барған. Нәтижесінде әйел мен оның 1 жастағы баласынан вирус табылды. Сондықтан шектеулерді ескеріп, оқшауланған жөн. Еш қиындығы жоқ, үйде отыр, ешкімге барма, ешкімді шақырма», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жергілікті арнадағы тікелей эфирде.
Айта кетейік, Ақтөбедегі инфекциялық, провизорлық, карантиндік госпитальде 397 науқас емделіп жатса, 1800-ден астам адам үйдегі карантинде.