Қостанай және Ақтөбе облысында мәжбүрлі түрде мал бағып, құлдықта күн кешкен екі азамат құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қостанай облысында мәжбүрлі еңбекке тарту фактісі тіркелді. Шаруа қожалығы бар адам екі жарым жыл бойы облыстың 21 жастағы тұрғынын мәжбүрлі түрде жұмыс істетіп келген. Жас жігітке қой, сиыр мен жылқы бақтырған», - деді баспасөз мәслихатында ІІМ баспасөз қызметінің қызметкері Кәміл Ғалиев.
Бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (заңсыз бас бостандығынан айырылған адамды қанау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал зардап шеккен жігіт дағдарыс орталығына жеткізілген. Оған қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
«Ақтөбе облысында да осыған ұқсас қылмыс бойынша полицияға шаруа қожалық иесі жеткізілді. Ол Өзбекстаннан келген 58 жастағы азаматтың құжатын тартып алып, күш көрсетіп, бір жыл бойы мәжбүрлі түрде еңбекке жегіп келген. Зардап шеккен азамат қой бағып, сарайда өмір кешкен. Қазір бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша (Адам саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - дейді ол.