25 қыр, 2018 сағат 18:16

«Ақтөбе» ФК 100 млн теңгеге сатылымға шығарылды

«Ақтөбе» ФК сатылымға шығарылды. Футбол клубы 7 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің сайты хабарлайды.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің ресми сайындағы мәліметке сүйенсек, «Ақтөбе» футбол клубын сатып алуды қалаған адам 15 миллион теңге алғашқы жарна төлеуі тиіс. Клубтың жалпы құны - 100 миллион теңге. Ал құжаттар 9 қазанға дейін қабылданады. Конкурстың өз шарттары бар. Сенімгерлік басқаруға алған адам «Ақтөбе» ФК бас директоры мен бас бапкерін құрылтайшымен ақылдасып, келісіп тағайындайды.  Әрі жылжымайтын, жылжымалы мүліктерді сатып, жалға беріп, кепілге қоюға болмайды. Құрылтайшы әрбір 6 ай сайын клубтың жағдайы туралы есеп алады.

«Премьер-Лиганың клубтарына қойылатын регламенттерге сәйкес клубтың барлық қажетті жарыстар мен сайыстарға қатысуын қамтамасыз ету (ҚР Чемпионаты, ҚР Кубогының ойындары, Премьер-Лига клубтарының қосалқы құрамдары турнирі, ПФЛ Кубогы, Премьер-Лига клубтарының жасөспірімдер мен жастар командалары, бірінші Лига және мини футбол командасы арасындағы ҚР біріншілігі) сонымен қатар, УЕФА сайыстарына қатысу туралы құқығын алған жағдайда жарысқа бару міндеттеледі. Қазіргі кадрдың 75 пайызын сақтап, ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Кредиторлық берешектерін өтеу, кредиторлық және дебиторлық берешектің негізсіз қалыптасуына жол бермеу, нысанды кредиторлық және дебиторлық берешектерімен қабылдау, балалар, оның ішінде Ақтөбе облысының аудандарында балалар футболын дамыту талабы қойылды», - деп жазылған сайтта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бас директор Самат Смақов футбол клубының қаржылық жағдайы күн сайын қиындағанын мәлім еткен еді.