Қазақстандық актер Асқар Ілиясов вакцинация паспортын сатып алу мүмкіндігі туралы айтқан сөзі үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бірнеше күн бұрын Youtube-та Асқар Ілиясовтың блогер Тимур Балымбетовке берген сұхбаты шықты. Онда ол вакцинацияға деген көзқарасын айтып, пікір білдіреді.
"Егер елден шығу мүмкін болмаса, вакцина алатын шығармын. Мүмкін пара беріп, паспортты сатып алауым да мүмкін. Кім біледі? Бәрі мүмкін", - деді ол.
Сондай-ақ, Ілиясов пандемия кезінде карантинді сақтамағанын, жағдай шиеленісіп турған кезде жабық барларға барғанын мойындады.
Кейін актер Instagram-парақшасында айтқан сөздері үшін кешірім сұрады.
"Онда айтқандарым жеке ойым ғана және оны көпшілікке айтқаным дұрыс болмады. Бұл туралы жеткілікті білмеймін, сондықтан білмейтін нәрсе туралы айтқаным жауапсыздық. Вакцинация паспортын сатып алу туралы айтқаным...ақымақтық болды. Мен паспортты сатып алмаймын. (...) Қоғамның игілігі мен денсаулығы үшін вакцинацияны насихаттайтын адамдардан кешірім сұраймын", - деп жазды актер.
Бірнеше минуттан кейін ол жариялаған мәтінін өзгертті.
"Менің көзқарасым құзыреттіліктен емес, сезімімнен қалыптасады. Вакцинация - бұл әркімнің өз таңдауы. Мен бұл туралы пікірімді өзгертпедім, бірақ оны басқаларға насихаттамаймын", - деп қосты ол.
Дәрігерлер мен ғалымдардың айтуынша, вакцинация пандемиямен күресудің жалғыз және тиімді әдісі. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру елде енгізілген карантин шектеулерді алып тастауға, сондай-ақ халықтың аурушаңдығын төмендетуге мүмкіндік береді.