06 мам, 2020 сағат 13:23

Ақтаулық ұстаздар Жеңіс күніне орай үй терезелерін безендіруде

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Ұлы Жеңістің 75-жылдығына орай үй терезелерін безендіре бастады. Ерекше эстафетаны қолға алған мұғалімдер мерекелік көңіл күй қалыптастыруды мақсат тұтқанын айтады, - деп хабарлайды НЗМ баспасөз қызметі.

Эстафетаны оқу орнындағы Орыс тілі кафедрасының мұғалімдері бастапты. Бөлме терезесін жеңіс тақырыбына сай безендіру арқылы карантинде уақытты өткізіп, отбасы мүшелеріне Ұлы Отан Соғысында бейбіт күн үшін жанын қиған майдангерлерді бір уақыт еске алу мүмкіндігі екенін айтады.

Мен үйімнің терезелерінің әйнектерін жуып тазалаған  едім. Кейін  неге мерекеге орай безендірмеске деген идея келді. Қолда бар материалдан «Жеңіске 75-жыл» деп жазып, әйнектерге жабыстырдым. Қағаздарды қию барысында кішкентай жиенім не себепті осылай жазып жатқаным туралы сұрады. Содан соң Ұлы Отан Соғысы, батырларымыз бен майдангер қарияларымыз жайлы айтып, тарихи деректермен бөлістім. Бұл оның санасында ұзақ сақталатындығына сенімім кәміл, - дейді орыс тілі пәнінің мұғалімі Азима Суюналиева.

Бұл челленджді өзге де пән кафедралары, оқушылар іліп әкетіпті. Қазірдің өзінде Ақтаудағы жиырмадан астам үйде мұндай картиналар бар.

Өз тереземізді безендіріп болған соң көршілеріміз, көшеде өтіп бара жатқан адамдардың позитивті реакциясын байқадық. Көбі креативті екен деп жымияды. Ал біз өз балаларымызға соғыстың зардабы мен бейбіт өмірдің маңыздылығын түсіндіргенімізге қуанамыз, - дейді  өнер пәнінің бірлестігінің мұғалімдері.