Ақтау қаласында тұратын 10 жасар орындаушы Әмина Асгатова биылғы «Славян базары» байқауында Қазақстан намысын қорғайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Lada.kz ресурсына сілтеме жасап.
Ақтаулық оқушы «Славян базары» өнер байқауының балалар тобында жеребе тастау рәсімінен өтті.
Бұл жайында «Кемпірқосақ» балалар өнері студиясынан мәлім еткен.
Жеребе тастау рәсімі кеше, 16 шілдеде Витебск қаласында өтті.
Әмина Асгатова конкурстың бірінші күні сегізінші болып өнер көрсетеді. Ал екінші күні он екінші болып сахнаға шығады.
Айта кетейік, 10 жасар Әмина наурызда Алматыда өткен ұлттық іріктеу турында жеңіске жетіп, аталмыш байқауға жолдама алған болатын.
Онда 21 үміткер ішінен Әминаның өнері оқ бойы озық болды.
Ал ересектер тобында бұл өнер жарысына биыл Қазақстан атынан жас әнші Рухия Байдүкен қатысуда.
Еске сала кетсек, «Славян базары» халықаралық фестивалі биылғы 14-19 шілде күндері Беларусьтің Витебск қаласында өтіп жатыр.