21 жел, 2020 сағат 17:46

Ақтауда дзюдодан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

Ақтау қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, жарыстың соңғы күні төрт салмақта мықтылар белгілі болды.

Әйелдер арасында 78 кг салмақта финалда шығысқазақстандық Назерке Тілеуханованы ұтқан алматылық Зарина Райфова жеңімпаз атанды. Тағы бір алматылық Мадина Парагулгова мен ақтөбелік Аяла Мерекеге қола жүлде бұйырды. 

Аса ауыр салмақта (+78 кг) Алматы облысының өкілі Камила Берліқаш үздік шығып, осымен екінші рет ел чемпионы атанды. Солтүстікқазақстандық Назгүл Маратова екінші, алматылық Ақерке Рамазанова мен қызылордалық Нұрғаным Тұршабек үшінші орынға көтерілді. 

Ерлер арасында 100 кг салмақта қарағандылық Ислам Бозбаев топ жарды. Бұған дейін 90 кг салмақта татамиге шығып жүрген ұлттық құрама мүшесі финалда қызылордалық Айбек Серікбаевтан айласын асырды. Атыраулық Арман Қалиев пен павлодарлық Серік Сәлменов қола медальді қанағат тұтты.

Аса ауыр салмақта (+100 кг) финалда шығысқазақстандықтар Әділ Оразбаев пен Ерасыл Қажыбаев бас жүлдені сарапқа салды. Әділ жарыс фавориті саналған Ерасылды иппонмен ұтып, чемпиондық атақты жеңіп алды. Жамбылдық Ғалымжан Қырықбай мен қызылордалық Еламан Ерғалиев қола жүлдеге қол жеткізді.

Осылайша Ақтауда төрт күнге созылған ел біріншілігі тәмамдалып, барлық салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.