07 шіл, 2020 сағат 08:52

Ақтау арыстаны өмір сүреді - Министрлік ұсталған аңға қатысты түсінік берді

Ақтау қаласы маңында иесіз дала кезіп жүрген жерінен ұсталған арыстанды ешкім өлтірмейді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Таңертең «Ақтаудағы арыстанды ұйықтатып тастайды екен» деген ақпарат тараған болатын. БАҚ-тан ресми мемлекеттік органдардың ақпараттарына ғана сүйенуді өтінемін. Facebook-те Кирилл Осин есімді желі қолданушы таяу уақытта арыстанды ұйықтатып тастауы мүмкін деп жазған болатын. Бұл ақпарат - жалған. Арыстан өмір сүреді. Иә, бүгінде арыстанды асырауға қатысты проблемаға тап болып отырмыз. Маңғыстау облыстық Орман жаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық испекциясының мемлекеттік инспекторлары осы факті бойынша сотқа жүгінді. Әзірше сот шешімін күтеміз», - деп жазды ол Facebook-те.

Оның атап өтуінше, комитет зообақтар мен өзге орындарға арыстанды асырауға қатысты өтінім жолдап, қазіргі уақытта олардан жауап күтіп отыр. Арыстанды бағып-қағатын орын айқындалғаннан кейін аң белгілі бір органның қарауына беріледі. Ал әзірше ол Ақтаудағы цирк өкілдерінің бағып-қағуына берілген. 

«Арыстанды тамақтандыру оңай емес. Араларыңызда етпен көмек бере алатын адам болса, онда мына нөмірге хабарласуды өтінемін: +7 (771) 605-26-70 (Талғат Әленов, Маңғыстау инспекциясының бас маманы)», - деді Сәкен Ділдахмет. 

Айта кетейік, 25 маусымда 102 пультіне Ақшүкір кентінде емін-еркін жүрген арыстан туралы хабар келіп түсіп, полиция аңды ұстап алған еді. 

 

Иесі іздестіріліп жатқан аң шамамен 1-1,5 жаста. Арыстан - аталық (еркегі ызақор деп аталады). Африкалық арыстанның бір түрі. Адамдардан қорықпайды. «Арыстан СИТЕС конвенциясының (жоғалу қаупінде тұрған, жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы бойынша конвенциясы) тізіміне енгізілген.