25 там, 2020 сағат 14:41

АҚШ: Висконсинде полиция қара нәсілді адамды атқаннан кейін наразылық қайта тұтанды

АҚШ-та Висконсин штатының Кеноша қаласында полицейдің афроамерикалық азаматты атқаны туралы видео жарияланғаннан кейін наразылық тұтанып, штат губернаторы аумақта төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Бірнеше күннен бері қалада түнде тәртіпсіздіктер болып жатыр.

Атыстың жай-жапсары әзірге белгісіз. Бірнеше жерден оқ тиген 29 жастағы Джейкоб Блейктің жағдайы ауыр. Бұл туралы оның отбасы мен адвокаттары хабарлады.

Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс төтенше жағдай жариялап, шамамен 100 мың тұрғыны бар қалаға ұлттық гвардия жасақтарын жіберген.

25 тамыз күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Блейктің ата-анасы оқиғаға өкініш білдіріп, екі күн бойы қалада болған вандализм, өртеу, тонауды айыптаған. Соның кесірінен ондаған ғимарат бүлінген.

"Олар ұлымды жеті рет атты. Жеті рет. Оның өмірінің құны жоқ сияқты. Ұлымның құны бар. Ол – адам, құны бар" деді журналистерге Блейктің әкесі.

Блейктің шешесі Джулия Джексон ұлының "хәл үстінде жатқанын" айтып, қаладағы күш қолдануды айыптаған.

АҚШ-та полицияның қара нәсілді тұрғындарға негізсіз оқ атуы жиі кездеседі. Үш ай бұрын Миннеаполисте 46 қара нәсілді тұрғын Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапқаннан кейін АҚШ-та жүздеген қаласында нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары өтті. Шеру ауқымы кеңейіп, АҚШ президенті шерушілерге қарсы әскер күшін қолдануды қарастырды. Наразылар полиция қызметкерлері қара нәсілділері негізсіз алалайды деп санайды. Мұндай оқиғалар мұның алдында да болған.

2013 жылы осыған ұқсас жағдайда 28 жастағы полицей Джордж Зиммерман қолында қаруы жоқ 17 жастағы қара нәсілді Трейвон Мартинді атып өлтіріп, сот Зиммерманды кінәсіз деп тапқаннан кейін АҚШ-та Black Lives Matter (Қаралардың өмірі құнды) деген қозғалыс пайда болды.