24 там, 2020 сағат 18:20

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Таяу Шығысқа сапарын бастады

АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Таяу Шығысқа бес күндік сапарын бастады, деп хабарлайды "Әл-Жазира".

Дүйсенбіде Майк Помпео Израильге келді, бұл – АҚШ Мемлекеттік хатшысының Таяу Шығысқа жасаған алғашқы сапары. Кездесулердің негізгі күн тәртібі Израильдің БАӘ-мен қарым-қатынасын қалыпқа келтіру, сондай-ақ басқа араб елдерін Израильмен дипломатиялық қатынастар орнатуға тарту болады. 

Тель-Авив әуежайына АҚШ туы бейнеленген маска тағып түскен Помпео Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесіп, алдағы күндері Судан, Бахрейн және БАӘ-ге баруы керек.

Вашингтон мен Тель-Авив Израиль аймақтың басқа елдерімен, соның ішінде Иранға қатысты ұстанымдарын қолдайтын елдермен қарым-қатынасын қалыпқа келтіре алады деп үміттенеді.

«Иерусалимде Помпео мен Нетаньяху Иранның ықпалына, сондай-ақ Израильдің өңірдегі қарым-қатынасын орнатуға және тереңдетуге байланысты өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылайды», деді АҚШ Мемлекеттік департаменті. 

Сапар барысында Помпео президент Дональд Трамптың аға кеңесшісі және күйеу баласы Джаред Кушнермен бірге жүреді.

Еске сала кетейік, 13 тамызда БАӘ мен Израиль жақын арада елдер арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру туралы келісімге қол қою ниеті туралы хабарлаған болатын. АҚШ президенті Д. Трамп келісімді «екі үлкен досымыздың арасындағы тарихи бейбітшілік келісімі» деп баға беріп, «үлкен серпіліс» деп атады. Палестина әкімшілігі келісімді қабылдамай, БАӘ-дегі елшісін қайтарып алатынын жариялады. Бұған дейін Таяу Шығыс елдерінің ішінде Израиль тек Египет және Иорданиямен бейбіт келісімдерге ие болды.