АҚШ-тың бас прокуроры Уильям Барр федералды прокурор Джон Дарем жұмысының қорытындысы бойынша бұрынғы президент Барак Обама мен бұрынғы вице-президент Джо Байденге қарсы қылмыстық іс қозғаларына күмән келтірді.
Дарем тергеуі өткен жылы бас прокурор Уильям Бардың тапсырмасы бойынша басталған. Бас прокурор "Дональд Трамптың сайлау алды штабы адамдарының Ресеймен байланысы болды ма" деген мәселені тергеуді бастаудың заңды негізі болғанына көз жеткізуге шешім қабылдаған.
Дүйсенбіде Барр прокурор Даремнің назарында бұрынғы президент пен вице-президент емес, "Ресей ізін" тексеру барысында заңсыз әрекет жасауы мүмкін "өзге" ресми тұлғалар тұрғанын мәлімдеген.
Соңғы аптада президент Трамп "Обамагейт" деп атайтын, "АҚШ тарихындағы аса ірі саяси қылмыс" деп санайтын "жанжал" туралы бірнеше рет еске салған.
Reuters агенттігі Трамп саяси қарсыластарын қылмыс жасады деп айыптағанымен нақты мысал келтірмейтінін айтады.
Трамп АҚШ-тың бас прокуроры Уильям Барр Обаманың әрекетін тергеуден бас тартқанына таңғалатынын білдірген.
АҚШ-та коронавирус індетінен өлгендердің күрт көбеюіне байланысты президент әкімшілігіне айтылатын сын қатайған сайын Трамп та қарсыластарын кінәлауды күшейте түскен. Трамп індет қаупі жайлы сарапшылар ескертуін "ойдан шығарылған" деп атағаннан кейінгі бірнеше айда коронавирус инфекциясы салдарынан АҚШ-та 88 мың адам өлген.
Reuters агенттігі президент сайлауында Джо Байденмен бәсеке күшейетін күн жақындағай бастағанда, Трамптың демократтарды сынауы үдей түсті деп атап өткен.
Бас прокурор Барр екі кандидаттың сайлау алдындағы күресі саяси дебат ауқымында өтуі тиіс деп ескертті. Бас прокурордың сөзінше, кандидаттардың саяси әрекеттеріне байланысты кез келген тергеу Уильям Бардың келісімімен ғана басталуы мүмкін.