05 мау, 2020 сағат 09:42

Ақпараттық технологияның дамуы оқырманымызбен байланысымызды үзбеуге септігін тигізді - Дәурен Қуат

Коронавирус пандемиясы газет-журналдарға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бұл туралы отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Қуат Дәурен айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

– Індет БАҚ саласының ішінде газет-журналдарға кері әсерін тигізді. Шетелдік баспасөздерге де оңай тимеді. Оқырмандары белсенді Еуропаның өзінде таралымы мол бірнеше газет жабылып қалды. Еуропадағы газеттердің мұндай ахуалы бізді де айналып өкен жоқ. Осы жиынның алдында халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлымен, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы Срайыл Смайылмен сөйлестім. Қысылтаяң кезде бұл газеттер шығарылымын тоқтатуға мәжбүр болған. Біздің журналистер осындай шақта газеттің сайтына жұмыс істеді. Мысалы біздің «Қазақ әдебиеті» газеті бір айдай жұмысын тоқтатып тұрды. Бірақ оқырмандарымыздан қалайда қол үзбеу мақсатында сайтқа көңіл бөлдік. Соның ішіндей «күй шеру» деген челлендж өткіздік. Елде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей, қадағалап отырдық. Ақпараттық технологияның дамуы оқырманымызбен байланымызды үзбеуге септігін тигізді, – деді Д.Қуат.