11 қар, 2020 сағат 16:56

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі салалық журналистерді даярлауға басымдық бермек

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі алдағы жұмысында салалық журналистерді даярлауға басымдық бермек. Бұл туралы Astana Media Week 2020 шарасының «Пандемия және БАҚ-қа сенім дағдарысы» пленарлық сессиясында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Пандемияға байланысты біз салалық журналистиканы күшейту керектігін көріп отырмыз. Белгілі бір тақырыпты кеңінен білетін журналистер сол саланың көпшілікке қыр-сырын тереңінен түсіндіріп бере алады. Әсіресе пандемия уақытында медицина саласының журналистерінің маңызы айқын көрінді. Себебі кейде қоғамның тыныштығы журналистің кәсіби түрде түсіндіріп берген материалына байланысты болады. Өкінішке қарай, әртүрлі үрейлі роликтерді таратқан «сарапшылар мен спикерлерді» көрдік. Олар жанталаса жан-жаққа әртүрлі месседждерді таратумен болды. Осы арқылы қоғамға дүрбелең тудырғысы келгендер кездесті», - деді Кемелбек Ойшыбаев. 

Вице-министрдің айтуынша, салалық журналистер жеткілікті болған жағдайда, жағдай бұлай шиеленіспес еді. 

«Сондықтан Ақпарат және қоғамдық министрлігі дәл осы салалық журналистерді даярлауды өз жұмысының басымдығы ретінде айқындап алды. Біз Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-мен және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен меморандумға қол қойып, салалық журналистерді даярлау жоспарын да құрып қойдық. Осы бағытта тіпті институттар мен университеттер оқыту әдістемесін де өзгертіп жатыр», - деді ол. 

Айта кетсек, елорадада Astana Media Week 2020 шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиа апталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.