13 қаң, 2023 сағат 12:35

Көкшетауда құрылыс басқармасы басшысының орынбасары 8 жылға сотталды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары 8 жылға сотталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Көкшетау қалалық соты үкімімен Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары М.Қансейітов кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан шектеліп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот үкімімен "Сарапшы Арсенал" ЖШС құрылтайшысы Б.Шаймерденов 7,5 жылға, "Көкшестрой Технадзор" ЖШС техникалық қадағалау инженері О.Ренн 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оларға мемлекеттік қызметте 5 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылды.

"Тергеу барысында сотталғандардың Щучинск қаласында жүз пәтерлік тұрғын үй салуға бөлінген 50,5 миллион теңге көлемінде құрылыс монтаждау жұмыстары нақты орындалмағаны үшін бюджет қаражатын ұрлағаны дәлелденді", - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.