15 сәу, 2020 сағат 13:11

Ақмола облысындағы «Шапағат» орталығының тағы бір қариясы індет жұқтырды

Ақмола, Атырау және Қызылорда облыстарында анықталған коронавирус індетіне шалдығудың жаңа оқиғалары туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап. 

15 сәуір, сағат 12.30-дағы соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда індетке шалдыққандардың жалпы саны 1275 адамға жетті. Оның ішінде Ақмола облысында – 1, Қызылорда облысында – 2 және Атырау облысында 1 оқиға бар. 

«Ақмола облысында анықталған науқас Целиноград ауданы, Аққайың ауылында орналасқан «Шапағат« әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығындағы 1941 жылғы ер адам. Аталған мекемеде КВИ жұқтыру жағдайлары бұған дейін де анықталған еді. Науқас Аршалы аудандық ауруханасының провизорлық стационарында карантинде болған», - делінген ақпаратта. 

Қызылорда облысында індетті жұқтырғандардың екеуі де Қызылорда қаласының тұрғындары. Бекітілген алгоритмге сәйкес, анализ алынып, олар оң нәтиже көрсетті. Екеуі де жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Атырау облысындағы жаңа оқиға 42 жастағы жергілікті тұрғыннан анықталды. 

Ол КВИ жұқтырған адаммен байланыста болған. 

«Ер адам инфекциялық стационарға жатқызылды. Жағдайы - қалыпты. Оған хаттамаға сәйкес ем шаралары жүргізілуде», - делінген мәліметте.