Еліміздің киелі орындары картасына енген 100 тарихи ескерткіштің 10-ы Ақмола облысы аумағында орналасқан. Өңірлердегі қасиетті мекендер мұнымен шектелмейді. Облыстық тізімді де қажетінше жалғауға болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан кейін қастерлі жерлерге қамқорлық қайта өркендеп, қажетті шаралар қолға алынды. Ult.kz порталы "Ақмола облысының киелі орындары" деген атпен циклды мақалалар топтамасын жариялап тұрмақ. Бүгін назарларыңызға Қабанбай батыр кесенесі мен Беспақыр мазары туралы ақпарат ұсынамыз.
Беспақыр мазары
Нұраның оң жағалауында орналасқан Беспақыр мазары алғашқы рет отыз жыл бұрын зерттелген. Мазар XIX ғасырдың 30-шы жылдарында, Кенесары атымен байланысты, жаугершiлiк заманда қайтыс болған бес кiсiге салынған деген аңыз бар. Мөлшерi 30х23х10 см және 50х10 см шикi өңделген кiрпiштен қаланған. Мазар салынған кiрпiш құрамы — қойдың сүтi, жүнi, аттың жалы мен саз балшықтан тұрады. Күмбезiнiң үстiңгi бөлiгi опырылған, кiру жағындағы қабырғада бұзылған жерлерi бар. Екi бөлмелi композиция, шығыстан батысқа қарай созылған. Шығыс жағында аласа аркалары және шығыңқы кiрпiштен қаланған күмбезбен жабылған есiк бар, диаметрi 2,8 м құрайды. «Беспақыр» сөзінің мағынасы «бес адамның қайғысына ортақтасу» дегенді білдіреді. Беспақыр мазары Қорғалжын ауданының Абай ауылында орналаскан.
Қабанбай батыр кесенесі
Қабанбай батыр кесенесі Ақмола облысының аймағында Нұр-Сұлтан қаласынан оңтүстікке қарай 20 км. қашықтықта және Қызылжар ауылының солтүстік-шығысына қарай 4 км. қашықтықта орналасқан. Кесененің 2000 жылы салынған болатын. Ол Қазақстан халқының және туристтердің жан-жақтан келетін киелі жерінің біріне айналған болатын. Кесене батырдың дулығасын еске түсіреді. Қызыл кірпіштерден қаланған кесененің жоғары қабырғасының түзу формалары биікке самғауды меңзейді. Ескерткішті төбесінде – темір жарты ай.
Қаракерей Қабанбай – қазақ батырларының қолбасшысы, әйгілі батырлардың бірі, XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы шығуын ұйымдастырған. Оның аты Абылай, Бөгенбай аттарымен қатар қазақ халқының тарихында әйгілі. Ерасыл Қабанбай шамамен 1691 жылы Сырдария жағалауында туған еді. 1769 жылы 78 жаста қайтыс болған болатын. Қолбасшы Қабанбай батыр Абылай ханның құрметті батыры болған, хан оны ерекше – Дарабоз деп атап кеткен. Қабанбай батыр кесенесі Нұр-Сұлтанның маңында тарихи әділдіктің салтанаты ретінде тұр. Қабанбай батыр тұлғасы – қауіп-қатердің алдында қазақ халқының бірлікпен топтасқан символы іспеттес.