11 мам, 2020 сағат 09:58

Ақмола облысында коронавирус жұқтырған әйел бұрын ауырғандармен байланыста болған

Бүгін сағат 09:25-тегі мәлімет бойынша, Ақмола облысында бір адам коронавирус жұқтырған.

«Зертханалық зерттеу барысында Целиноград ауданында 1979 жылғы әйел адамның коронавирусты жұқтырғаны анықталды. Ол өзіне дейін вирусты жұқтырған адаммен байланыста болған. Тізбек бойынша вирус Нұр-Сұлтан қаласында өнеркәсіптік кәсіпорында жұмыс істейтін адамнан тараған. Осыған дейін провизорлық стационарда жатқан, енді Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде емделетін болады», - делінген Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегіМемлекеттік комиссияның жедел штабы таратқан ақпаратта. 

Сондай-аұ онда бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық тергеу бойынша ауру ошақтары мен байланыс орнатқан адамдарға қатысты эпидемияға қарсы шаралар жүргізілетіні айтылған. 

Вирусты жұқтыруы ықтимал адамдарды анықтау үшін тергеу жұмыстары жалғасады. Облыстық стационарларда 395 науқас жатыр, оның ішінде провизорлық стационарда – 30, карантиндік стационарда – 348, жұқпалы аурулар стационарында – 17. 

«564 адам үй карантині талаптарын сақтап отыр. Қазіргі таңда облыста вирусты жұқтырған 110 адам тіркелген, олардың 97-сі Целиноград ауданында, қалғандары Көкшетау қаласы, Аршалы, Шортанды, Егіндікөл және Ақкөл аудандарында тіркелген. Жазылып шыққандар саны – 90», - делінген хабарламада.