Ақмола облысының Краснояр қонысында Ботай мәдениетіне тиесілі бірегей артефактілер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, «Ботай қонысындағы археологиялық ғылыми-эксперименттік зерттеулер және Ботай мәдениеті тасымалдаушыларының қамтамасыз ету жүйелерін, өмір салтын және дүниетанымдық-киелі контекстерін модельдеу» жобасы шеңберінде 2022 жылғы 1 маусымнан бастап Зеренді ауданының Краснояр ауылының жанындағы Краснояр қонысында археологиялық қазба жұмыстар жүргізілуде. Краснояр қонысын археолог Виктор Федорович Зайберт 1986 жылы ашып, өзі 1987 жылы зерттеген.
«Археологиялық зерттеулер 2021 жылы басталды, содан кейін 148 шаршы метрге қазба жұмыстары жүргізілді. Мұндағы мақсат – ғылыми әдістер, жанама белгілер мен ұқсастықтар арқылы ежелгі ботайлықтардың артефактілерін, нанымдарын жан-жақты және егжей-тегжейлі зерттеу. Сондай-ақ, ботайлықтардың алғашқы (протофилософиялық), жартылай мистикалық өмірлік көзқарастарын, өмір салтын зерттеу. Экспедицияның екінші міндеті – Қазақстанның солтүстік өңіріндегі Ботай мәдениетінің таралу аймағын, бірегей археология ескерткіштерін зерттеу», - дейді Қуаныш Шақшақов.
«Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры атап өткендей, археологиялық қазба жұмыстары барысында екі тұрғын үйдің сұлбасы анықталды. Олар әрі қарай зерттелмекші. Табылған заттардың арасында шақпақ, сүйек және қыштан жасалған артефактілер бар.
«Ботай мәдениетінің энеолиттік қоныстарының көптеген артефактілері ботайлықтардың кешенді көп салалы шаруашылығының болғандығын айғақтайды. Археологиялық зерттеулер барысында қырғыштар, балта, жебелердің ұштары, дартс, пышақтар, керамика фрагменттері сияқты тарихи құнды жәдігерлер табылды. Олардың арасында ботайлықтар балық аулау үшін пайдаланған сүйек шанышқы (гарпун), ағаш өңдеу үшін пайдаланатын тас балта, сүйектен жасалған пышақ және энеолит кезеңіндегі тайпалардың дүниетанымдық көзқарастарын жүзеге асыратын жылқының ою-өрнегі бар», - деп толықтырды Қуаныш Шақшақов.