11 қар, 2022 сағат 03:41

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жерінде социалистік қоғам құру идеясын қабылдамаған - тарихшы


Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жерінде социалистік қоғам құру идеясын қабылдамаған. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев Алматыда өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғалымның сөзінше, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамы большевиктер ойластырған қоғамдық қатынастар жүйесіне өтуге даяр емес деп санаған.

«Ахмет Байтұрсынов Кеңес билігін ұлтымыздың негізгі сұраныстарына жауап беретін билік жүйесі ретінде мойындамаған. Кеңес үкіметінің басшысы Ленинге жолдаған хатында: «Қазақтарға не керегі анық және түсінікті. Ғасырлар бойы империялық езгіде болған халық өз билігі өзінде болғанын қалайды», - деп жазды. Саяси билікке қатысты өз ұстанымын білдірумен бірге, Кеңес үкіметінен өзі жақсы білмейтін елде радикалды әлеуметтік реформаларды жүргізбеуді талап етті. Өкінішке қарай, Кеңестік орталық толық негізді бұл ескертулерге құлақ асқан жоқ», - деді Мәмбет Қойгелдиев.

Ол сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы - халық өміріне жасалған қиянатқа төзбеушілік және оған деген ымырасыз қарсылықтың үлгісі екенін атап өтті.

«Ол өзінің саналы түрде таңдаған өмірлік жолы туралы «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп жазды. 1929 жылы Мәскеуде өткен тергеу процесінде өмірлік ұстанымын былай білдіреді: «Менің өмірлік ұстанымым - қазақ халқының мәдениетін көтеруге мүмкін болғанша жағымды жағдай туғызу. Өйткені осы жол ғана оның өсіп-өнуіне кепілдік бере алады. Осы іс қандай өкіметтің қолынан келсе, мен сол билікке разы болмақпын»,- деген болатын», - деді профессор Мәмбет Қойгелдиев.