Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде браконьерлікпен күрес мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті. Сол жерде Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко акбөкендердің жаппай қырылу оқиғасын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін маңызды бір мәселе көтерілді. Біздің ғылыми-зерттеу институттарымыз қайда? Зоология институты не істеп отыр? Біз әлі күнге дейін 200 мың ақбөкеннің неден қырылғанын таба алмай отырмыз. Мен Үкіметте жұмыс істегенде біреу тұрады да, ақбөкендер пастереллезден қырылып қалды дейді. Екіншісі тағы бір себебін айтады. Бірақ әлі күнге дейін нақты жауап жоқ», - деді В.Божко.
Оның айтуынша, еліміздің флорасы мен фаунасына қауіп төндіріп отырған ветеринарлық аурулардың ошақтарын анықтау қажет. Онсыз ақбөкендер де, бекіре де қырыла береді.
«Каспийде көксерке неге қырылып жатыр? Қазір Жайық жақта екі шаруашылықта бекіре балықтары қырылып қалды. Өзенде мұздың астында өлі балық қалқып жүр. Бірақ бәріміз үн-түнсіз отырмыз. Кәдімгідей тыныштық. Төрт ай өтті. Бірақ себебін ешкім білмейді. Балық кімнің кесірінен уланды? Енді ол жерде бекіренің көбейетініне күмәнім бар», - деп атап көрсетті В.Божко.
Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда небәрі үш аптаның ішінде 200 мыңнан астам ақбөкен қырылды. Бас кезінде мамандар аталған оқиғаның себебін таба алмады. Шетелдік мамандар да көмекке шақырылды. Олардың сөзіне қарағанда, ақбөкендердің қырылуына Pasteurella multocida инфекциясы себеп болды.
Бүгінде әлем бойынша киіктердің басым бөлігі Қазақстан даласында қоныстанған. Жануарлардың аталған түрін атуға рұқсат жоқ. Алайда браконьерлер ақбөкендерді атып, мүйіз саудасынан пайда табады. Жергілікті жерде ақбөкендерден кесіп алған мүйіздің бір келісі 150 мың теңгеге сатылады. Алматыда оның бағасы 400 мыңға дейін барады. Ал Қытайда мүйіздің бір келісіне 4 мың АҚШ долларын береді. Себебі ол жақта ақбөкендердің мүйізінен дәстүрлі медицинада саналуан дәрілер жасайды.