27 қыр, 2018 сағат 11:17

Ақан Сатаев «Томирис» фильмі түсіріліп біткенін айтты

Танымал кинорежиссер Ақан Сатаев «Томирис» көркем фильмі түсірілімінің аяқталғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Достар, біз «Томирис» фильмінің түсірілімін аяқтадық. Осындай тамаша оқиғаны түсіру - мен үшін үлкен абырой. Сондай-ақ, көрерменнің алдында үлкен жауапкершілік бар екенін де білемін... Біздер - мен және менің командам, барлық актерлер бар күш-жігерімізді салып, үлкен махаббатпен жұмыс істедік! Түсірілім тобын, барлық актерлерді, көмектесіп, қолдау көрсеткен жандарды құттықтаймын және алғыс айтамын», - деп жазды Ақан Сатаев Фейсбуктегі парақшасында.

Режиссер атап өткендей, бұл жобаның орны ерекше.

«Әр фильм маған қымбат!», - деп түйіндеді А.Сатаев.

Сақ патшайымы жайындағы «Томирис» ауқымды тарихи жобасы 2017 жылдың сәуірінде басталған еді. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясы түсірді.  Бас продюсер - Әлия Назарбаева («Анаға апарар жол»). Фильмнің қоюшы режиссері - Ақан Сатаев («Рэкетир», «Адасқан», «Ликвидатор», «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол»).

Картина біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдағы оқиғалар жайында сыр шертеді. Ол кезеңде сақ тайпалары ұлы даланы жаулап алуға келген парсы патшасы ІІ Кирге ойсырата тойтарыс береді. Сақ әскерінің қолбасшысы, массагеттердің патшайымы Тұмар (Томирис) болды.

«Бұл шайқас, меніңше, халықтар арасындағы ең сұрапыл соғыс болды», - деп жазды ежелгі грек тарихшысы Геродот. Фильм сценарийін әзірлеген кезде оның еңбектері де пайдаланылды.