18 шіл, 2024 сағат 13:40

Ақ көгершіндер арқалаған арман («Ай мен Айша» спектаклі жөнінде бірер сөз)

Фото: М.Әуезов театрының баспасөз қызметі


Адамзат жаратылғалы бері ана жайында айтылар сөз де, шырқалар ән де тоқтаған емес. Қай заманда да адамзаттың асылы ананың мәртебесі биікте. Баласыз ана болғанымен, анасыз бала болмайды. Ана жайында талай жазушы қалам тербеп, сан мың суретшінің қылқаламынан көз тартар туындылар дүниеге келді. Сондықтан, перзенті үшін жалаң қолмен от көсеп, азап тартқан аналардың өнердегі бейнесі сан тарапты, әрқилы. Әсіресе, бекзада өнердің бірі театр сахнасында талай мәрте ана, әйел туралы спектакльдер қойылып келе жатыр. Десек те, тарихы бір ғасырға жуық уақытты құрайтын қазақ театр өнерінде өресі биік, мәртебесі жоғары туынды «Ай мен Айша» спектаклінің орны бөлек.


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының «Ай мен Айша» қойылымы биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны жайлы хабар театр сүйер қауым үшін шын қуаныш болғаны анық. Ең алғаш 2015 жылы көрерменге жол тартып, содан бері Әкем-театрдың сахнасында үзбей қойылып келе жатқан спектальдің режиссері Тұңғышбай әл-Тарази. Ал, Шерхан Мұртазаның екі шығармасын, атап айтқанда, «Мылтықсыз майдан» және «Ай мен Айша» романының сюжетін біріктіре отырып, сахналық нұсқасын жасаған – Еркін Жуасбек еді. Екі туындыгер де ұлттық театр өнерінде есімі алтын әріппен жазылатын елеулі тұлғалар екені айдан анық. Тар жол, тайғақ кешу заманында отбасы үшін тауқымет тартқан қазақ әйелінің аяулы образына айналған Айша болмысындағы күрескерлік рух пен үзілмес үтті бейнелеу барысында драматург те, режиссер да мейілінше шеберлік танытқан. Әу бастан халық арасына етене танымал романның драмалық нұсқасын жасап, сахналаудың жүгі екі есе ауыр, жауапкершілігі әлдеқайда жоғары. Соған қарамастан, «Ай мен Айша» – соңғы жылдары театр сахнасында қойылған ең үздік драмалардың бірі десек те болады. Тіпті, ең алғашқы премьераға Шерхан Мұртазаның өзі көрермен болып, қойылымның деңгейіне ризашылық білдіруі – осы сөзімнің дәлелі. Жастайынан қосылған жары айдалып кеткен Айша мен ұлы Орақ соғысқа кетіп, мерт болған Қамқаның бір-біріне мұңдас әрі сырлас болуы – күллі қазақ анасының сол замандағы зарынан хабар бергендей еді. Дәл осы қос отбасының кешкен хәлін арқау еткен екі сюжеттік линия қойылым соңына дейін байланысын үзбейді. Кеңестік империализм мен Ұлы Отан соғысының зардабын әйел тағдыры арқылы бейнелеудің символдық мәні әдебиетте қашан да зор. Қай халықта болмасын, әйел образы Отан бейнесіне теңестіріліп, ұштасып жатады. Бұл шығармадағы күллі қазақ әйелінің кешкен тағдырын шығармашылық топ сахнада сурет пен сөздің, әуен мен әрекеттің мінсіз үйлесімімен көркем мүсіндеп шыққан. Әйелдің, ананың халі – сол кездегі қазақ даласының жағдайымен пара-пар. Осы тұста Бексұлтан Нұржекеұлының «Әйел туралы жазу - бәрі туралы жазу» деген сөзі еріксіз еске түседі.


Шымылдық ашылған сәттен бастап қарапайым қазақ ауылының қоңыр тіршілігіне куә болғанымызбен, заманының дауылы ешкімді айналып өтпеді. Кенет түнек орнап, күңгірт түске боялған сахна – спектакльдің желісі түбегейлі өзгеріп, тауқімет тартқан кейіпкер тағдырынан хабар береді. Күллі арпалыс, драматургиялық конфликтің бастауы да дәл осы сахна. Қара шаңырағында жанұясымен біргк қамсыз домбыра тартып отырған Мұртазаны үкіметтің шабармандары қолын қайырып, сүйреп әкетеді. Айдалып бара жатқан Мұртазаның «Айша, балаларға ие бол! Отымды өшірме!» деген бір-ақ ауыз сөзі күллі спектакльдің – негізгі өзегі. Дәл осы кезден бастап Айша мен тағдыр, адам мен заман арасындағы тартыс басталады. Айша – рухын қанша басып-жаншып тастаса да, болашағы мен баласы үшін күрескен абзал аналардың жиынтық образы. Тағдыр қосқан серігін айдап әкеткен сәттен бастап абдыраған ананың ауыр соққыдан есеңсіреген хәлі көрерменді де тығырыққа тіреп тастайды. Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексеевич бір сұхбатында: «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабымның көптеген қаһармандары – әйелдер мен аналар еді. Соғыс майдангерлерден көрі жұртта қалған анаға ауыр тигенін бірі білсе, бірі білмес. Әкесінен, жарынан, баласынан айырылған әйел қандай күй кешеді...», - деген еді. Жазушы атап өткендей, заманның құрығы мен қиындығы қашан да ең алдымен әйелдің тағдырын талқандайды екен. Бірақ, Айша – ана ғой... Еңсесін көтеріп, суға батып бара жатса да тал қармаған әлдекімдей шамасы жеткенше күреседі, жанталасады. Бұл күрес – өмір үшін, балаларының болашағы үшін күрес еді. Спектакльдің негізгі діңгегі әйел болғандықтан, көрермен де сезімдерін Айшамен бір кешеді. Осы орайда кейіпкерді сомдаған әртіс Дәрия Жүсіптің табиғилығы мен шынайылығы – кейіпкердің психологиялық күйін, ішкі халін ашудағы мол олжа.


Қарапайым қазақ ауылының анасы Айша мыңдар мен миллиондардың тағдырын таптап өтіп жатқан қызыл империяның қаруымен өз тағдыры, биік рухы арқылы арпалысады. Тек Айша ғана емес, Мамай қарт пен Қамқа кемпір де – нағыз күрескер кейіпкерлер. Әсіресе, Орақтан айырылса да, немересінен көз жазып қалғысы келмейтін соқыр кемпірдің зары ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Спектакльдің негізгі өзегін көрерменге авторлар бірінің ұлы, бірінің күйеуі жаққан шырақты өшіргісі келмейтін Айша, Қамқа секілді образдар арқылы ұсынады. Олардың тағдыры – талай меһнат өткерген бұралаң, соқтықпалы-соқпалы болса да шыдамдылық және табандылықпен, үміт-сеніммен жүріп өтетін жолсыз соқпақ. Ұлт тағдырын әйел ғұмыры арқауында бейнелеу екі үлкен шығарманың аз ғана  бөлімін қамтығанмен, олардың негізгі мотиві, идеялық негізі. Әсіресе, Айшаның балаларына ертегі айтатын тұсы мен Барысхан екеуінің боранда адасқан сахналары – кейіпкер ішіндегі жылт еткен үміті мен сенімінен хабар береді. Ертегі айтып отырып, бала қиялын би мен қосалқы эффект, пластика арқылы көрерменге ұсыну – сәтті шешім болған. Қойылымдағы әуен мен жарықтардың да жұп-жұмыр, бір келтесі жоқ туынды жасарда маңызды рөл атқарғанын атап өтпеске болмас.


Қойылымда тағы бір ескерер жайт – ескі мен жаңаның күресі. Тургенев: «Әке мен баланың көзқарасы бір арнаға түйіспей, ымыраға келе алмауы – революцияның алғышарты», - дейді. Осы орайда ұлы Орақтың шырағын сөндірмеу үшін Нұрперзентін Тотияға әмеңгерлік жолмен қосайын деп тырмысқан Мамай қарт пен Қамқа кемпірге жаңа заман ұрпағының қарсы шығуы – ескі мен жаңаның тартысынан хабар береді. «Елеусіз кескіндердің» тағдырын көріп, жаның ашиды, аяйсың, шарасыздығың үшін баз кешіп, ашуланасың. Бірде немересін қимаған Мамай мен Қамқаға жаның ашыса, бірде Нұрперзенттің болашағы үшін беймаза күйге түсесің. (Театрдың құдіреті де осы болса керек). Бұл тайталас – үнемі қвйталанып отыратын, ешқашан тоқтамайтын құбылыс. Барысхан мен Нұрперзенттің оқуға кетіп, ескі салтқа қарсы шығуы жаңа заманның орнауынан көрініс береді. Әсіресе, режиссердің шешіміндегі ақ көгершін, яки үш жасөспірімнің ақ қанатты құстарға тамсана қарауы – сәтті символка тудырды. Ежелгі заманнан-ақ ақ көгершіндер үміт пен бейбітшіліктің нысаны екенін ескерсек, жаңашыл жастардың болашаққа деген сенім-үміті мен кеудесіне қордаланған үрей, арманын авторлар осылай көрсеткен. Жаңа заманға қадам басқан жастарды көріп, сен де еріксіз армандары алдамаса екен деп іштей тілекші боласың.


Бір ұлттың кешкен тағдыры мен көрген тауқыметін «елеусіз кескіндер» мен «кішкентай адамдардың» жанкешті өмірі арқылы бейнелеу – қай заманғы руханиятқа да ортақ құбылыс. Десек те, сол суретті дарақылық пен бос ұранға айналдырмай, кейіпкер болмысы мен мінезі, өмірі мен ішкі күйі арқылы сахнаға лайық қып ықшамдау оңай шаруа емес. Қойылымның ұтқан тұсы да да – осы, көрерменді жалықтырып я зеріктіріп алмай, назарын ұстап тұрады. Әсіресе, Айшаның айдалған күйеуінің аманатын орындау үшін тырмысып, аштықпен арпалысқан балаларын жұбатуы, соқыр кемпір Қамқаның үміті, екіұдай күйге түсіп, сарсаңға салынған Тотияның күйі, жеңгесіне қарауға дәті жоқ, Айдай қызға ғашық Нұрперзенттің аңсары, Барысханның арманы – спектакльдің негізгі өзегі. Бұлардың бәрі қай заманда да  кездестіруге болатын – «кішкентай адамдардың» тағдыры. Күрделі қоғамдық-әлеуметтік жүйенің шындығын кішкентай адамдардың қатысынсыз көрсету мүмкін емес. Саясаттан әлдеқайда қашық жатқан «елеусіз кескіндер» мен «кішкентай адамдардың» сол саясаттың қалай құрығына ілініп, құрбанына айналғанын бейнелеуде режиссер қолтаңбасы байқалады. Әсіресе, соғыс пен репрессияның қаладан жырақ, сонау қияндағы Мыңбұлақта қалай жүзеге асқанын әртістер де, шығармашылық топ та шеберлікпен көрерменге ұсына білген.


Бұл қойылымның қаузаған тақырыбы – ана  я әйел туралы ғана емес, тұтас ұлт пен халықтың тарихы, ескі мен жаңаның күресі. Ана жайлы әлі де талай айтылар, бірақ, Айша жайлы ең ұлы туынды осы болса керек. Қойылым ұлт тарихы жөнінде тағы бір еске салып, бейбіт заманға жету жолында опат болған ұрпақ пен перзенті үшін тағдырына қарсы шыққан ана, өзі өлсе де, көзінің шырағы – ұрпағы өлмесін деп бәріне дайын болған әке туралы сыр шертеді. Театр  - жанды құбылыс, артық-кемі жоқ шебер сахналанған туындының ғұмыры әлі де ұзақ, мәртебесі биік болады деп сенеміз.

Ақгүлім Ерболқызы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 4-курс студенті