23 қаз, 2020 сағат 11:34

Аида Балаева: Журналистерге алғыс айтудан шаршамаймын

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен шынында да кәсібилік таныта білген журналистерге алғыс айтудан шаршамаймын. Олар өз өмірлерін де қауіпке тіге отырып, еліміздің ең күрделі кезеңдеріне қатысты ақпарат беріп отырды. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде мемлекет қолға алып жатқан шараларды қамтып ақпарат беріп, қоғамда дүрбелең туып кетпеуіне атсалысты», - деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Министр пандемия алғаш басталған кезде адамдар вирустың барына сенбегенін де жеткізді.

«Сол себепті біздің журналистер ТЖ жарияланған алғашқы уақытта адамдардың үйінде отыруы үшін ақпарат таратып, кәсіби біліктіліктерін таныта білді. Журналистердің бәріне алғыс айта отырып, барлығының денсаулығы мықты болуы тілеймін. Себебі вирус құрып кеткен жоқ. Бүгін де журналистеріміз басын бәйгеге тіге отырып, жұмыс жүргізіп, халыққа ең керекті және шынайы ақпаратты жеткізуде», - деді ол.

Аида Балаева сонымен қатар елде коронавирус өршіген кезде фейк жаңалықтардың да үлесі артып кеткенін айтты.

«Журналистердің еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында біздің ел фейк жаңалықтары ең аз мемлекет ретінде рейтингтің бас жағынан көрінді. Фейктер жалпы қоғамда дүрбелең туғыза аларлық күш. Өз тарапымыздан «Стоп-фейк» атты ресурс жасадық. Бүгінгі таңда ол өте тиімді жұмыс жүргізуде. 100-ге тарта фейк жаңалықтар анықталды. Ең бастысы ол жаңалықтарға қатысты жауапты мемлекеттік органдар жедел жауап беріп отыр», - деді ол.