23 қаз, 2020 сағат 16:11

Аида Балаева «Хабар агенттігін 25 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh TV», «Ел арна» секілді арналарды біріктіретін отандық ірі медиахолдингті 25 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінде «Хабар» - қалыптасқан даму стратегиясы, жоғары білікті мамандары және қызықты техникалық шешімдері бар қазақстандық медиаиндустрия көшбасшыларының бірі. «Хабар» құрылғаннан бастап-ақ тез танымал болды және қазақстандық медиакеңістікте ерекше рөлге иеленіп, жетекші телеарналардың бірі де бірегейі брендін иеленді.

Министр өзінің құттықтау сөзінде «Хабар» агенттігі ширек ғасыр ішінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше орынға ие болып, бірқатар жұлдыздардың, ұлттық қайраткерлердің ұстазы болғанын атап өтті.

Сонымен қатар, өз сөзінде министр «Ұят болмасын», «77 күн», «Мың бір мақал», «Алтыбақан», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» секілді арнаның тағылымы мол бағдарламалары миллиондаған көрермен жүрегінен жылдар бойы орын алғанын еске салды.

«Хабар Агенттігі» АҚ қызметкерлерін мерейтоймен құттықтай келе, министр «Хабар» арнасы отандық телеарналардың көптеген жұлдыздарына жол ашқаны, мемлекеттік саясатты насихаттағаны, қоғамдық пікірді қалыптастырып, адамгершілікке бағдар бергені үшін үздік ұжымға алғысын білдірді.

Құттықтау соңында А.Балаева «Хабар Агенттігі» АҚ командасына сарқылмас шабыт тіледі.