13 қаң, 2021 сағат 07:20

Агросаладағы сұрақтарға жылдам жауап беретін Telegram-бот іске қосылды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Telegram мессенджерінде чат-ботты іске қосты. Енді министрліктің халыққа және фермерлерге көрсететін мемлекеттік қызметтерін жедел алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019-2020 жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және АӨК саласын цифрландыру жөніндегі міндеттер шеңберінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, электрондық форматқа аударды. Атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат өткен жылдың желтоқсан айында ведомствоның мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы 2020 жылғы қызметі туралы есеп барысында жарияланған болатын.

Келесі кезеңде АШМ өтініштерді беруді және анықтамалар мен мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдететін құрал - ресми Telegram-бот енгізді», - деді министрліктен.

Мәлім етілгендей, Agro-bot қолданушылармен қазақ және орыс тілдерінде «тілдеседі», сұраныстарға жауап береді, субсидиялау, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин, лицензиялау, жер қатынастары және өзге де мәселелер бойынша анықтамалық ақпаратты жедел бере алады. Сонымен қатар аталған бағыттар бойынша мемқызметтерді алуға болады. Электрондық қызметке тапсырыс беру үшін Agro-bot пайдаланушыны egov.kz порталының қажетті парақшасына өткізеді.

Сондай-ақ Agro-bot арқылы ұсыныстар, шағымдар қалдыруға, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен және ведомствоның баспасөз қызметімен жедел байланысуға мүмкіндік бар.