Фото: abai.kz
Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іске пікір білдірді, деп хабарлайды агенттікке сілтеме жасап Ult.kz.
«Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры ХАА „ҚазТАГ“ бас директоры Әсет Матаев пен агенттіктің бас редакторы Амир Қасеновке қатысты қозғалған қылмыстық іс және тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. Бүгін шамамен 11:00-ден 16:00-ге дейін Астана қалалық полиция департаментінде ХАА „ҚазТАГ“ бас директоры Әсет Матаевтан жауап алу жалғасты. Осыдан кейін бірден тергеу тобы агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновтен жауап алуға кірісті», — деп мәлімдеді қор.
«Әділ сөз» ХАА ҚазТАГ Қазақстандағы ең тәжірибелі әрі ықпалды ақпарат агенттіктерінің бірі екенін атап өтеді. Қордың айтуынша, бұл жай ғана бұқаралық ақпарат құралы емес, елдің қазіргі тарихының маңызды бөлігі.
«Ақпараттық кеңістіктің елеулі бөлігі жаһандық платформалардың алгоритмдеріне тәуелді болып жатқан қазіргі жағдайда ұлттық тәуелсіз медианы сақтау — қоғам үшін де, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігі үшін де аса маңызды мәселе», — делінген хабарламада.
«Әділ сөз» қоры құқық қорғау органдарын қылмыстық-процестік заң нормаларын қатаң сақтауға, тергеу әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және журналистердің кәсіби құқығын қорғауға шақырды. Ұйым өкілдері жағдайдың даму барысын мұқият бақылауда ұстайтындарын айтты.
Еске салайық, ҚазТАГ басшылығына қатысты қылмыстық істің негізіне Freedom Finance-тағы алаяқтықтан зардап шеккендер мен олардың адвокатының көрсетулері алынған. 2025 жылғы 3 сәуірде олар редакцияға қоңырау шалып, ҚазТАГ жариялаған ақпарат Freedom Finance-тің мүддесіне сай берілген деп шағымданған. Олар бұқаралық ақпарат құралдарына жете алмай жүргендерін, құқық қорғау органдарында және президент әкімшілігінде әділдікке қол жеткізе алмай отырғандарын айтқан.
Осы жағдайға байланысты Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) де ҚазТАГ басшылығына қарсы қозғалған қылмыстық іске алаңдаушылық білдірді.
Адвокат Рена Керимова мәлімдегендей, жәбірленушілердің адвокаты YouTube-те жарияланған видеода тек Световой мен басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іске байланысты деректерді ғана айтқан, әдейі жалған ақпарат таратпаған. Кейін агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов:
«Сталин дәуірінде де, бүгінгі күні де адал журналистерді үнсіз қалдырудың жалғыз тәсілі — қылмыстық қудалау болып отыр», — деп атап өтті.
