Бір кезеңде тұмау мен коронавирус індеті қабаттасып келcе, ол адам ағзасына ауыр тиеді.
Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Антидене – бұл ағзаның белгілі бір аурудан қорғанысы. Олар ауруды бастан кешіргеннен соң немесе вакцинациядан кейін табиғи жолмен қалыптасады. Ағзаға ауру қоздырғышы түскен кезде антидене оларды жойып отырады. Бірақ, олар кез келген ауруға қарсы тұра алмайды. Егер адам қызылшамен ауырса, онда антидене қызылша қоздырғышына ықпал етеді. Антидене адам ағзасында әртүрлі сақталады. Мәселен, тұмаумен ауырғаннан кейінгі қорғаныс 6-8 айға созылады. Иммундық күшті қорғаныс болғанда қызылшаға қарсы 5 жыл, дифтерияға 10 жылға дейін сақталады. Барлық ауруға бірдей мерзім жоқ. Коронавирус инфекциясына арналған антиденеге қатысты айтар болсақ, бұл - жаңа ауру. Белгілі бір ауруға қарсы антиденені анықтау, көп жағдайда қанша уақыт сақталатындығын білу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізіледі. Бір кезеңде тұмау мен коронавирус індеті қабаттасып келгенде ағза ауруды ауыр өткереді. Сондықтан дәл қазір тұмаудан барынша қорғануға кеңес беріліп отыр. Аурулар қабаттасқан кезде өте ауыр тиеді», - деді ол.
Оның айтуынша, вирустық инфекциялармен күрестің түрлі әдістері бар. Олар жұғу жолдарына, қорғаныс әдістеріне байланысты. Мәселен, вирустық инфекцияға қарсы вакцинация жұқпалы аурумен күрестің тиімді әдісі саналады. Ал қарсы қолданылатын вакцинациясы жоқ инфекциялар жұғу жолдарына байланысты. Тұмау, коронавирус сынды ауа-тамшы жолымен таралатын инфекциялардан қорғанудың басты әдісі – маска тағу, қолды тазалап жуу, адамдар көп жиналатын жерге бармау, адамдар көп шоғырланған жабық ғимаратта болмау.
«Егер адамның негізгі ауруы болса, онда кез келген жұқпалы ауру өте ауыр өтеді. Қант диабеті, жүрек-қан тамыры аурулары кезінде иммунның қарсы тұруы қиынға соғады. Бізде емдеудің бекітілген клиникалық хаттамасы бар. Аталған хаттамаға сәйкес ем тағайындалады. Әрине, адамда негізгі ауру болса, онда түзету енгізіледі. Егер базалық дәріні тұрақты түрде қабылдауы қажет болған жағдайда коронавирус инфекциясына қарсы дәріні тағайындау барысында ескеріледі», - деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, кез келген аурудан жазылып шыққаннан кейін денсаулыққа жіті қарап, дене қызуын бақылауда ұстаған жөн. Ағзаға қосымша жүктеме де түсіруге болмайды. Жақсы тамақтанып, дәрумендер ішу қажет.
«Ал коронавирустан қорғану ұсыныстары - маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, ауырған адаммен байланыспау, бұқаралық шараларға бармау, бөлме ауасын үнемі тазарту. Бұл шараларды кез келген адам орындай алады», - деді Роза Қожапова.