Фото: Абыл Кекілбаевтың жеке мұрағатынан
Абыл Кекілбаев – ICAO, яғни Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Орталық хатшылығында жұмыс істеген алғашқы және әзірге жалғыз қазақ. Оны былайғы жұрт қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаевтың немересі, ата мұрасына адалдық танып, шығармашылығының шамын жағып жүрген шырақшысы деп те біледі. Ult.kz тілшісі кейіпкермен атасының тәлім-тәрбиесі, азаматтық болмысы туралы әңгімелесті.
«Бір жазғанын қайта түзеп-күземейді»
Мен үлкен әжеміз, атамның анасы тәрбиелеген соңғы баласымын. Яғни Әбіш атам көрген тәрбиені мен де көрдім. Ата-апамыздың екі қыз, екі ұлы болды. Сол бір ұлының баласы менмін. Мені кішкентайымнан өз бауырларына басып, тәрбиелеген. Кекілбай тегіне кір келтірмей, мықты азамат болу басты міндетім.
Шынын айтсам, атамыз қолжазбаларына дейін жанында жүрген інілеріне таратып тастаған. Үйдені қолжазбаның өзі шамалы негізі. Себебі, атам бір туынды жазып бітіріп, оған қайта бармайтын. Уақыты да болған жоқ. Кітаптардың шыққанын көріп, соған қуанып жүрген адам еді. Енді газет-журнал болсын, басқа кітаптарда айтылған сөздер немесе біреу туралы естеліктер болсын, соларды оқып шығады да, үйдегі кітапханасына салып қояды. Содан естелік болып қала береді. Оны арнайы бір іріктеп немесе осыны тапсыр, мынаның тапсырма дегенді ешқашан айтқан жоқ. Оған көп мән де бермеген секілді.
Менің есімде сақталып қалғаны, өзіне жақын жылы туындыларды немесе авторлардың кітаптарын өзі жинақтап, кітап дүкенінде көзіне түссе оны сатып алып, өзі жинап қоятын. Астанаға көшкелі, біз есейіп үйді ауыстырған соң өзінің кітапханасына қандай жаны ашитыны байқалатын. Кейде көшуді созып отыратынының себебі кітапхананы қалай көшіреміз, көшіргенде кітаптардың реті бұзылып кетпей ма, үйреншікті орындарын ауыстырып жіберіп, таба алмай қалам ба деп уайымдайтын. Біз кішкентай кезімізден сол кітаптарды бір үйден екінші үйге көшкенде біреуін қалдырмай, өзі қадағалап, өзінің кітапханасын өте үлкен маңыз беретінін көріп өстік. Бірақ біз Астанаға көшерде көп кітаптарды мектептегі кітапханаға тапсырып жіберді. Оның ішінде өзі студент кезінен жинақтаған кітаптардың кейбірі бар. Үйде ертеректе шыққан немесе соңғы басылған кітаптың бірнеше жанасы болса, біреу жетеді, қалғаны басқаларға қолжетімді болсын деп, үйдің қасындағы мектепке тапсыратын. Мен оқыған мектептің кітапханасына өзінің және қазақ жазушыларының бірқатар кітаптарын тапсырды.
Себебі ол кезде көп кітап сирек кездеседі, бағдарламада болғанмен оқырмандар тауып оқи алмай жүрген болатын. Сондықтан ол кітаптар қолжетімді болсын дейтін. Оған қоса, кейбіреулері өте құнды немесе сирек кездесетін кітаптарды жинайтын бе еді деп жатады. Ал атам ондай кітаптарды сұрастырып, іздестіретін. Ол кітаптар жоқ болса, басқа шетелдегі баспалардан сұрастыратын. Бірақ ол тапқан кітабын өзіне қалдырмайтын. Оның көшірмесін жасап, өзіне керегін қалдырып, кітаптың өзін көбіне Алматыдағы Пушкин кітапханасына қайтарып беріп отыратын. Өзіне керегін алып, оқитынын сызып, жұмыс істеп, кітаптың өзін қайтарып беретін. «Мынадай кітап көп кездесе бермейді, қолға түсе бермейді ғой, бұны неге қайтарып беріп жатсыз» деп бірнеше рет сұрағанымда, ол «ең бастысы қолжетімді болу керек, ертең менен де басқа адамдар осы жерден мәлімет алып, ақпарат алып, басқа қорытындылар жасауы мүмкін. Сондықтан бұл кітапты өзіме сақтамай, кітапханада сақталуы тұруы керек» дейтін. Олар кітапханада кітаптың жағдайын да жасап бере алады, әсіресе ескі кітаптарды сақтау қиын ғой. Соны біліп, түсініп, солай әрекет еткендерін мен кішкентай кезімнен көргенмін.
Ең бастысы көп кітап оқитын. Кітаптардың астын сызып отырып оқитын. Үйдегі кейбір кітаптарды ашып қалсаң, сызылған жерлерін қарасаң, қандай жүйемен сызып отырғанын әлі түсінбеймін. Бірақ көп кітаптардың ішінде өзінің ойларын белгілеп кеткендері көп. Атамыз кітапты тез оқып тастайтын. Күніне бірнеше кітап оқитын. Бірақ кейбір кезде асықпай, кітаптың асын сызып, ішіндегі мәліметтерді басқа кітаптармен салыстырып оқитын. Ондай кезде менің түсінуім бойынша, басқа бірдеңе жазуға, осыны пайдаланып, бір туындыға дайындалып жүретін секілді көрініп тұратын. Себебі, шабыты бір келгенде тоқтата алмай, қолының астындағы қағазға жаза беретін. Бір ой түссе блокнотқа жаза беретін. Сосын содан алып, жазатын. Ең қызығы, бір бастырып алады да, тексеріп алып, оны қайта түртпейтін. Кейбір жазушылар бар ғой, бір сөзді он жылдап іздейді, кейбіреулері бір шығармасын қайта-қайта түзетіп, қайта жаңа басып шығарады. Атамызда ондай болмаған. Оның кейбір әңгімелерін, әсіресе аудармаларын қарағанда мүмкіншілік болды ғой, неге қайтып өзгерткен жоқсыз, неге қаратпадыңыз дейміз. Көбісі Кеңес кезінде аударылған ғой, ол кезде де біраз тыйым салынған жерлер болды ме екен деймін. Соны айтқанда, оны қойшы деп, ескіні ойламай, жаңа туындыларға көбірек мән беретін. Әрине, ол кісі жұмыс істеп жүріп те жазды ғой. Көп туындылары да сол кезде жазылды. Атамыз бір сұхбатында: «мен осы жазушы болмасам, саясатқа араласпас едім» деген екен. Сол өзінің таңдаған жолы болған секілді. Себебі, жазғысы келсе, таңғы 4-5-ке дейін жазып отыра беретін. Бұған шаршамай, таңертең тұрып, жұмысына барып, бос уақыты болса жазу мен кітап оқудан ешқашан зерікпейтін.
«Баланың таңдауына араласпайды, тек бағыт беретін»
Атамыз кітап оқумен, қағаз жазумен демалатын. Өзінің жұмыс істейтін бөлмесінде отырып, кейбір кездерде қолына домбыра алып, ойнап отырғанын естіп қаламыз. Сондай кездерде ойларды ойлап отырған сияқты сезілетін. Сол ойларды реттеп, сосын үстеліне отырып, жазуына кірісетін. Есімдегісі, сол домбыра ойнап отырғанда есіктен қарап, қасына жақындайтынбыз. Ал жұмыс істеп отырғанда әжеміз атамызға кедергі болмасын, кішкентай балалар мазасын алмасын деп, бөлмеден шығарып та жіберетін еді. Бірақ соның өзінде атамыз анда-санда үйде балалардың бәрі жиналғанда немесе бәрін арнайы жинатқызып, дастарқан басында көңілді әңгімелерін айтып, естеліктерін айтып отыратын. Әсіресе, сондай кездерде әжеміз барда бәрі қуанып, жақсы бір естелікке қалатындай отырыстар болатын. Балалар өскен соң жан-жаққа өздерінің шаруасымен кетіп қалған соң, ондай отырыстар жиі болмайтын. Бірақ анда-санда осындай бір жиналып қалатын кезде бәрімізді еркелетіп, өзінің кішкентай кезіндегі әңгімелерін айтып отыратын. Үлкен әжеміз барда атамыз да еркелеп, сондай жақсы бір күндер өтетін.