Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары
(1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының 10 жылдығына орай)
Иә, одан бері де он жыл өтіпті. Келелі оқиғалар мен кемел өзгерістерге толы он жыл. Ал оған дейін ше?.. Қиялын қысыратып, сананы сарсылтқан сан ғасырлар... Біздің баларымыз тек кейінгі бес ғасырда ғана емес, ен байтақ Еуразияның біресе ана пұшпағына, біресе мына пұшпағына барып, одырайтып орда тігіп, желпілдетіп ту көтеріп жүрген бес мың жылдық ұзақ ғұмырдың ұзына бойында өз тағдырымыздың дәл осындай берекелі бетбұрысын аңсаумен өткен шығар. Өйткені, олар өздерінің жауынгер рухын, саяси тегеурінін бір аймаққа да, құрлыққа да, тіпті іргелес жатқан қос құрлыққа да әлденеше рет мойындата алды. Алайда аспан асты дүниенің шар тарабына да, бес құрлықтың бесеуіне де түгел мойындата алып отырғаны осы елдердің тұсымызда ғана.
Бұл үшін тек біздің ғана емес, күллі адамзаттың түгел кемелденуі керек болды. Бостандықты аңсамайтын жан иесі, тәуелсіздікті көксемейтін қауым атаулы болмайтынын саны халықтар баяғыда-ақ ұқты. Ал бұндай айдан анық ақиқат саны көп қауымдардың да түйсігін, түсінуі үшін атом жырына жетіп, айға барып қонуымыз қажет болды. Әлемдік империя орнатудан гөрі әлемді тұтасымен иесіз зиратқа айналдырып жіберу әлдеқайда оңай екендігін даусыз дәлелдейтін қырып-жойғыш қарудың үрейі ғана ұғындыра алды. Сонау Рим цезарлары мен Дарий, Ескендір Зұлқарнайын мен Шыңғысхан, Ұлы Карл мен Наполеон Бонопарт бізге асыра алмай кеткен әлемдік үстемдік желігі жиырмасыншы ғасырда қайтадан өршіді. Екі дүниежүзілік соғыс, бір қырғи қабақ соғыс мемлекеттердің санын азайта алмады, көбейтті. Империяларды одан сайын ұлғайта алмады, ыдыратты. Отаршылдықты тәуелсіздік, озбырлықты бостандық жеңіп шықты.
Ол жеңіс арғы заманда да, бергі заманда да «жер кіндігі» аталған біздің даламызға тым кешігіп келді. Өйткені, біздің маңдайымызға тым тоңмойын озбырлық пен шектен асқан оспасыздарсыз отаршылдық тап болыпты. Оны еңсеру оңайға түспеді. Күллі адамзаттың күш біріктіруі керек болды. Екінші дүниежүзілік жүйеге айналғысы келген әсіресе астамшылдық үлкеннің де, кішінің де шамына тиді. Орынсыз даңғойлық сырттың сабырын сарқып, іштің сүлдерін құртты. Іштегі наразылыққа, сырттағы араздыққа, билікке таласушы күштердің бір-біріне тор құруда неден де болса тайынбайтын жанқаста бетбақтығы қосылды. Соның бәрі мың күн сынбаған шынының бір күн сынар шетін сәтін жеделдетті. Сондай сәт мына сіздер мен біздердің көз алдымызда өтті. Санаулы күндер мен түндерде сан ғасырға мазмұн боларлық сындарлы құбылыстар өрістеді. Олардың шын мән-маңызына жете түсініп, әділ бағасын жеткізіп беру үшін әлі де әлденеше ұрпақтың ақыл-ой, жігері керек шығар. Бұл арада бүгін тек алғашқы байламдар мен бағамдар ортаға түспекші.
І. 1986 жылғы желтоқсанның әлеуметтік-экономикалық және саяси астары
Дүбірлі Желтоқсан оқиғасы бұрынғы Кеңестер Одағында 1985 жылы сәуірде дүркірей жөнелген «қайта құру» дүмпуінен туындағаны мәлім. Ол күндей күркіреген Кеңестер елі мен дүйім дүниенің ғана емес, жұмыр басты пенденің ғұмыр-тіршілігінде де көп нәрселерді астын үстіне шығарып, аударып-төңкеріп тастады. Жоғарыдан басталған бұл дүмпу кеңес қоғамындағы өзара қайшылықтарды қым-қуыт ушықтырып жіберді. Қоғамдық санада қопарылыс тудырған жариялылық пен демократияландыру, халықтың жаппай саясаттану процесі мемлекеттік монополия билеп-төстеген жоспарлы экономиканың мешеу әрекет-қарекетімен көрер көзге кереғар келіп отырды. Елдің сарабдал зиялы қауымы санасында, бір жағынан, шаруашылықты жүргізудің либералды әдістерін жақтаушылар, екінші жағынан, қолда бар ресурстарға орталық өкімет қожалық ететін жоспарлы экономиканы сақтап қалуды қолдайтындар арасындағы тартыс бар пәрменімен бой көрсетіп келе жатты.
Социализм мен коммунизм идеясына қалтқысыз сеніп келген қалың бұқара қоғамдық байлықты қоғам мүшелері арасында бөлісудің әділетсіздігіне барған сайын көз жеткізе түсті. Кеңінен кеулеп кеткен сыпыра теңгермешілік жаппай әлеуметтік масылдыққа әкеліп соқтырып, жеке адамның адымын аштырмас алапат кедергіге айналды. Қоғамды демократияландыру нысанасын мақсат еткен жаппай саясаттану адамдар ойында ұлттық сана-сезімді де оятпай қоймады. Ұлы державаның шет аймақтарында ұлттың өзін-өзі билеу қағидасын қайыра толғану, СОКП жүргізіп келген ұлттық саясатқа күмәнмен қарау күшейді.
Ешкімге жасырын сыр емес, бұрынғы Кеңестер одағында ұлт мәселесі әрқашан жауырды жаба тоқумен тынатын-ды. Ол әлсін-әлсін жекелеген этностарды бір аймақтан екінші аймаққа қоныс аударту, кейде одақтас республикалардың шекарасын қайтадан кесіп-пішу арқылы жүзеге асып келді. Ұлт мәселесінің шиеленісуі әлеуметтік кикілжіңге киліктірген көздерде жаппай жазалау мен қуғын-сүргін жолымен тұншықтырылып отырды. Ал сырты бүтін, іші түтін тыныштық орнаған тұстарда ұлтаралық қатынас мәселелері атымен ауызға алынбады.
Қоғамдық қатынастарды демократияландыруға тырысу, бұрынғы одақтас республикаларда үлкен экономикалық дербестікке деген ұмтылыс туғызды. Онымен қатар, жекелеген республикаларда қайсыбір ретте ресми идеологияға қайшы келіп қалатын «ұлттық ауа жайылушылық» төбе көрсете бастады. Бірі ұлттық элитадан, екіншісі қалың бұқарадан бастау алған бұл екі тенденция Орталық өкімет жүргізіп келген ұлт саясатына деген наразылықты күшейтті. Ол құбылыстардан Қазақстан да оқшау қала алмасы түсінікті. Реформаторлық қозғалыстардың ашық көрінісі болған 1986 жымы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары Мәскеудегі саяси орталыққа бағынбауды көздеген аймақтық бас көтерулер шеруін бірінші боп бастап берді.
ІІ. 1986 жылғы желтоқсанның тарихи маңызы
Сөйткен Желтоқсан желпінісінің тарихи маңызы қандай? Ол өзі, революция ма? Көтеріліс пе? Қозғалыс па? Әлде қатардағы оқиға ғана ма?
Желтоқсан толқуы, әрине, революция емес. Өйткені, революция дегеніміз – түбірлі әлеуметтік өзгерістерді жүзеге асыру мақсатында бұқаралық қозғалыс лидерлерінің күш көрсету жолымен мемлекеттік өкіметті басып алуы.
Алайда, жастарды алаңға алып шыққан Желтоқсан наразылығын қатардағы оқиға деп те қарастыруға болмайды. Неге? Оған оң жауап бере алатын алуан түрлі дәлелдер табылады.
Тоталитарлық тәртіп, әдеттегідей, өз халқынан митінгілерде, революциялық мерекелер мен басқа да оқиғаларға орай өткізілетін шерулерде билеуші партияның саясатын қолдап, қолпаштауға бағытталған белсенді бірауыздылықты талап етеді. «Тоқыраудың» соңғы жылдары халықтың тоталитарлық тәртіпке деген үнсіз қарсылығы ерекше күшті еді. Алайда Алматыдағы әлгі оқиға ондай үнсіз наразылық бетпердесін де аспанға бір-ақ ұшырды. «Кайта құру» кезеңі ішінде үстемдік режим тұңғыш рет күллі жүйенің сыр бере бастағанын байқайтындай өте бір өжет қарсыласуға килікті.
Әдетте қатардағы қарапайым оқиғаларға қалай болса солай қарайтын самарқау өкіметтің соншалықты сорақы қимылдарға баруының өзінен-ақ Желтоқсан дүмпуінің тегін еместігін айқын аңғаруға болады. Оқиға салдарын жою үшін кеңестік тәртіп аппараты барын салып бақты. Қорқытты, үркітті. Теріс үгіт айтылын, қиянат насихат жүргізілді. Оқиғаға тікелей қатысушыларды ғана емес, бүкіл қазақ халқын қуғындау науқаны басталды. Көтерілісшілер қатаң жазаланды. Көпшілігінің өміріне де, көңіліне де жазылмас жара түсті. Ұлан-байтақ державаның қай бұрышында да қаралау жиналыстар ұйымдастырылды. Күллі бір халыққа СОКП ОК-нің арнайы қаулысымен «қазақ ұлтшылдары» деген айып тағылды. Бұл үгітті либерияшылдық пен ежовшылдық тұсында да орын алып көрмеген оспадарлық еді. Мұның соңы неге соқтырғаны белгілі.
Кешегі кеңестік тоталитаризмді айыптаушылар Алматы оқиғаларын әлі күнге дейін айналып етуді тоқтатпай келеді.
1962 жылы еңбекақының уақытылы төленуін талап етіп бас көтеріп, аяусыз жазаланған Новочеркасск жұмысшыларының әрекетімен салыстырғанда, Алматы оқиғасында қойылған саяси талаптың сипаты атымен бөлек еді. Егер жұмысшылар таза экономикалық талаптары үшін оққа ұшып, тоталитарлық аяусыз тәртіптің құрбаны ретінде тарих төріне енсе, біздің жастарымыз Орталықтың өзім білемдігімен келіспей, СОКП ОК-нің Саяси Бюросының шешіміне қаймықпай қарсы шықты, сөйтіп қанқұйлы режиммен жанқаста шайқасқа түсіп, әлем алдында айырықша жанқиярлық көрсетті.
Республика партия ұйымының басшылығына Колбиннің тағайындалуы жастардың бас көтеруінің нағыз себебі емес, әншейін сылтау ғана еді. Себеп анағұрлым тереңде жатты. 1986 жылдың аяғына қарай елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық мәдени дамуындағы кең көлемді ілгерілеушіліктер Орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынастың барынша шиеленісуіне әкеп ұрындырды. Ұлан-байтақ елді басқару жүйесінің шамадан тыс орталықтандырылуы сыр бере бастады. Бәрін бір өзі билеп-төстейтін оспадарсыз орталық бұрын-соңды ешкім біліп-көрмеген құбыжық құбылысқа айналды. Жергілікті мәселелерді жедел әрі жетімді шешу үшін жергілікті билік орындарына жеткілікті өкілеттер беру туралы мәселе күн тәртібінде тұрған-ды. Қоғамдық дамудың логикасының өзі одақтас республикаларды уақытша келімсектер емес, жергілікті мәселелерді жетік білетін мамандар басқаруын талап етті.
Әміршіл-әкімшіл жоспарлы экономика мен болашақ экономиканың өсу қажеттілігі арасындағы қарама-қайшылық та осыдан байқалды. Қалыптасқан жүйеде елдің құрдымға қарай құлдилай түсетіні кім-кімге белгілі болды. Бірақ ешқандай түбегейлі шаралар қарастырылмады.
Горбачев бастаған демократиялық өзгерістер сөз жүзінде бір басқа, іс жүзінде екінші басқа сипатқа көше бастады. Болмайтыннан дәметтіріп, сенбейтінге сендіру алданған бұқараның ашу-ызасына әкеліп ұрындыратыны қашаннан белгілі. Ондайда өз-өзінен қордаланатын әлеуметтік қуатты жасампаз мақсаттарға қарай бағыттай білу – қиынның қиыны. Адамдарды демократияға үндеп, тоталитарлық жағдайда өмір сүргізу – тек қана екіжүзділікті ғана емес, әлеуметтік әсіреңкілікті де күшейтті. Мұндай рухани көлгірлікке қоғамдық сана оңай көндіге қоймады. Мұндай жағдаймен жастар, әсіресе, білімді, ой-өрісі дамыған жас өскіндер келісе алмады. Сондықтан да алаңға басқалар емес, студенттердің шығуына еш таңдануға болмайды.
Дүмпудің өзге себептері ретінде адамдардың адами қасиет, демократия, адам құқығы, ұлттың мақтаныш туралы ұғымдарының айта қаларлық өзгеруін атауға болады. Бұл жерде Н. Ә. Назарбаев: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп дәл бағалаған.
Желтоқсан оқиғасында тоталитарлық үрдіс жағдайында пісіп-жетілген, түбірімен қате ұлттық саясат идеалдарынан туындаған объективті алғышарттар болды. Егер Новочеркасск дүмпуі кездейсоқтығына байланысты өз дәрежесіндегі жеке-дара оқиға болып қалса, Алматы оқиғаларына байланысты бұлай деп айта алмаймыз. Баку, Тбилиси, Вильнюс оқиғалары – осынау процестің заңдылығының жарқын айғағы. Алматы одақтас республикалардағы жаңа санадағы ұлттық қозғалыстар ағымының толқыны болды. Ол пәлен жылдар бойына мызғымас қамал саналып келген кеңестік империяның іргесін мүжіп, көбесін күйретіп, ақыры жер бетінен жойылып тынуына ұрындырған пәрменді соққы боп тиді.
Осылайша мақсаты, мінезі, басып-жаншылу әдісі, алғышарты, себеп-салдары және маңызы жөнінен жастардың Желтоқсандағы дүмпуі – қарапайым оқиғалар қатарына жатқызуға болмайтын өзгеше тарихи феномен.
Оның қазақ даласындағы 1916 жылғы жаппай көтерілістен дәл жетпіс жыл кейін болуы да тегін емес. Екеуі де орталықтың бір ғана озбырлығын пайдаланып, күллі ұлттық болмысты түбірімен шайқап, жаңа сапалық өреге көтеріп берді. Бұл ретте 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасын, бәлкім, көтеріліс деп те бағалауға болар. Әрине, көтерілістің классикалық анықтамасы бойынша жаппай етек алу, көтерілушілер жағынан күш қолданылу, әрекеттердегі ұйымшылдық және көтерілісшілер штабының болуы, материалдық, техникалық, әскери дайындық жасалуы сияқты сипаттар керек. Желтоқсан оқиғасында ондай алғы шарттар болмағаны белгілі. Стихиялығына және ұйымдастырылмағандығына қарамастан, салдары жағынан өзінен кейінгі бүкіл бір ұлт, бір елдік ауқымдығы әлеуметтік процестерді алдын-ала анықтап бере алды. Бұл жағынан ол көтеріліс деуге әбден лайық. Кең ауқымдағы әлеуметтік қозғалыстың бастауына мұрындық болатын осындай көтерілістер де бар. Сөзіміз жалаң болмас үшін, батыс социологтарының беделді өкілдерінің бірі Э. Гидденстің айтқанына назар аударайық. Оның анықтауынша, әлеуметтік қозғалыс дегеніміз – «бұл жалпы мүддеге немесе жалпы мақсатқа ұжымдық әрекет арқылы қол жеткізуге тырысқан ұжымдық талпыныс. Оның кейде бұқара желпінісінің әуенімен кетіп, жосықтық ауқымынан ауытқуы да ғажап емес».
... Ал жастардың желтоқсандық бас көтеруінде жалпы мақсат қандай айқын көрінсе, ұжымдық сипаты, бұқаралық стихияның әуенімен кетіп, шектен шыға ауа жайылушылықтың да орын алғаны сондай айқын. Әрине, бұқаралық дүмпулердің ондай заңдылығын жазалаушы машина қасақана ушықтырып бағуға тырысады.
Аталмыш оқиға тоталитарлық жүйеге, отаршылдыққа ашық қарсы шықты. Демократиялық, ұлт-азаттық реңдегі мінез де танытты. Осы тұрғыдан алып қарағанда Желтоқсан оқиғасын жай әлеуметтік қозғалыстың белгілі бір көрінісі ғана деп емес, бұлтты күнгі найзағайдай жарқ етіп көрінген реформаторлық қозғалыстың жарқын прологы деп санаған жөн. Жаңа тарихи бетбұрысымыздың жойқын беташары деп санаған жөн.
Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы мен жетістігіне баға беру барысында оның алуан қырлы, алуан сатылы сипатын айтпай кетуге болмайды.
Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы одақтас республикалардың Орталық өктемдігіне үнсіз қарсылығына жария сипат бітірді. «Дауыл алдындағы тыныштықтың» астан-кестеңін шығарды. Сырттай қарағанда, мызғымастай көрінетін коммунистік идеологияның сенімнен біржола айырылуын тездетіп берді. Осы орайда қозғалысты, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға (ұлттың өзін-өзі тану сезімнің оянуы) ретінде, екіншіден, жалпы одақтық деңгейдегі (одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген) оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар (социалистік лагерьдің күйреуінің басталуы) аса салиқалы көп сипатты әлеуметтік сілкініс – атышулы тарихи феномен ретінде бағаласа да артық емес.
ІІІ. 1986-ның Желтоқсаны – социалистік кұрылыстың күйреуінің хабаршысы
Кез-келген қоғамдық жүйенің күйреуін сол қоғамдық жүйенің өз болмысынан бөліп алып қарастыруға тіпті де болмайды.
1986 жылдың желтоқсаны тек кеңестік мемлекеттік машинаның ғана жүрісін шайқалтқан жоқ, социализмнің бүкіл әлемдік жүйесінің дәурені өтіп бара жатқандығының хабаршысы болды.
Осынау жүйенің күллі ғұмырын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болар еді. Екеуіне де Қазақстанның тікелей қатысы бар екендігін айта кеткен жөн. Алғашқысы «Будапешт күзінен» басталып, 1979 жылғы Целиноград оқиғаларымен және 80-жылдардың басындағы поляк оқиғаларымен аяқталды. Екінші кезең 1986 жылдың желтоқсанынан басталып, тағы да сол желтоқсанда, бірақ бір кездегі қуатты держава – Кеңестер Одағының бір кеште көрген түстей ғайып болғанын ресми түрде хабарланған Алматы саммитімен түйінделді.
Бір қарасаңыз, тағдыр тәлкегі сияқты. Бірақ фактінің аты факт: социалистік жүйенің күйреу циклының 1986 жылдың желтоқсанда басталған екінші кезеңі бес жылға созылды. Ол 1991 жылдың желтоқсанында өзі бастау алған қалада аяқталды.
Әрине, социалистік лагерь 1989 жылдың аяғында-ақ Шығыс Еуропа елдеріндегі «жұмсақ» революциялар нәтижесінде күйреген еді деп таласуға болады. Бірақ күллі социалистік жүйенің негізгі күретамыры бұл оқиғалардан кейін де біразға дейін сақталып келді. Алматыдан кейін Сумгаит, Тбилиси, Баку және Вильнюс оқиғалары жалғасты. Осы тұрғыдан алып қарағанда, КСРО күйреуінде Алматы оқиғасының басты рөл атқарғаны туралы белгілі құқық қорғаушы Е. Боннэр тұжырымының әбден дәлелді екендігін айтқан дұрыс.
Социалистік жүйе ғұмырының алғашқы кезеңінде кеңестік қысымға қарсы толқулар Шығыс Еуропа елдерінде кеңінен орын алды. Бірақ олар жексұрын жүйе ауқымынан жеке-жеке шығып кетуді ғана көздеді.
Қайта құру дәуірінің басталуы мен Кеңестер Одағындағы жаңа экономикалық бағыттың социализм идеяларының толық жеңілісімен және КСРО-ның құлауымен аяқталатынын ешкім де алдын-ала білген жоқ. Бұл ретте коммунистер бір кездегі М. Хайектің Октябрь төңкерісі туралы айтқанындай, тағы да «өзін-өзі құртып тынатын өзім білемдікке ұрынды».
1986 жылдың желтоқсанында Алматыда құр қол халыққа қарсы коммунист реформаторлар қарулы күшті пайдаланғаннан кейін барып Горбачев бастаған жаңа бағыттың жаңаша ойлау жүйесінің нағыз өзі емес, тек жалаң жарнамасы екендігі жөнінде берік ұғым қалыптаса бастады.
Қазақстандағы оқиға кеңестік қоғамды шынайы демократияландыруда өрмекті жүзінен аударып берген өрелі құбылыс болды десек артық айтқандық бола қоймас. Бұрынғы Одақтың бүкіл аумағын қамтыған осынау процестер КСРО басшылығының 80 жылдың аяғында шығыс еуропалық елдерде күш қолданудан амалсыз бас тартуына себеп болды. Өйткені, партиялық номенклатура үшін ендігі жерде кеңестік құрсауды сол қалпында ұстап қалғаннан гөрі «ішкі» империяны аман сақтап қалу міндет анағұрлым маңыздылау еді.
Осылайша, Алматыдағы 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы социалистік құрылыстың күйреуінде басты әрі шешуші қызмет атқарды және шығыс еуропалық халықтардың өздеріндегі тоталитарлық-коммунистік жүйені жеңіп шығуының негізгі халықаралық факторы болды.
Күллі планетаны социализм лагеріне айналдыруға тыраштану барысында тоталитарлық мемлекеттің қуатты тетігі кенеттен опырылып түсті. Мұның өзі миллиондаған бұрынғы кеңестік азаматтар секілді, қазақстандықтар тарапынан да психологиялық аһ ұру, қайғыру сөзімін туындата алған жоқ. Мемлекетті дамытудың социалистік моделі капиталистік елдермен бәсеке жағдайында төтеп бере алмай, құрдымға құлады. Сөйтіп, коммунистік тәртіптің мызғымас еместігіне көзі жеткен халық демократиялық қоғам орнатуға бір жолата мүмкіндік алды.
Отаршылдық идеяның қысыр қиял екендігін дәлелдеп шығу үшін біздің дәуірімізге дейінгі үш мың жылдықтағы Қос өзен аймағындағы немесе біздің дәуіріміздің үшінші ғасырындағы Ирандағы Маздақ үстемдігі тұсындағыдай бұл жолы да бар болғаны сексен жылға жетер-жетпес уақыт жеткілікті болды.
Кеңестік империяның негізін шайқалтуды жалғастыруда бұрынғы КСРО-ның басқа республикалары үшін дәл осы Алматы оқиғасының үлгі болғаны ең биік тарихи әділеттілік екені ақиқат!
IV. Желтоқсанның маңызы, себеп-салдары
86-ның Желтоқсаны қазақ халқының ұлттық сезімінің өсуіне айрықша ықпал етті, қазақтың өзін-өзі тануын, ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті.
Жазалаушы машинаға құр қол қарсы тұрған жас ұландарына деген шын мақтаныш сөзімін сан салалы үгіт-насихат машинасы тарапынан бүтіндей бір халықтың ұлтшыл деп айыпталуы одан сайын ұштап, қазақ халқының этникалық есею, бірігуін, ұлттың кемелденуін одан сайын тездетіп берді.
Халықаралық тұрғыда танылған ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы принцип кеңестік кезеңмен салыстырғанда мүлде бөлек мағынаға ие болды. Дербес мемлекеттік жолындағы күрес өршіді. Осы тұрғыдан келгенде қозғалыстық жалпы қазақстандық және халықаралық маңызы өте зор.
Жастардың бас көтеруі сонымен бірге демократия мен адам құқығы туралы ұғымға да айта қаларлық өзгеріс енгізгенін көрсетті. Егер бұрын жеке мүддеден гөрі партиялық-мемлекеттік мүдденің айқын басымдылығы мойындалса, Желтоқсаннан кейін принципті түрде басқа көзқарас етек жайды. Адамдар жария етілген демократиялық бағытқа имандай сенді және олардың әрқайсысына қатысты мәселені олардың өздерін қатыстырмай шешуге ешкімге де жол бере алмайтындықтарын іс жүзінде дәлелдеді. Жастар өздеріне мемлекеттік машинаның бұрандасы, тілсіз қуыршақ ретінде қарайтындармен ымыраға келгісі келмеді, өздерін мемлекетті басқару ісіне қатысуға құқы бар толыққанды азамат ретінде сезінді.
Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесінің шырқау шегінде тар олигархиялық билікке қол сұғылмайтындығы туралы түсініктің тас-талқанын шығарып бергені үшін де Желтоқсан қозғалысы бүкіләлемдік тарихи маңызға ие.
Кеңестер Одағының құрамына кірген Қазақстанда адам құқығын қамтамасыз ету мен қорғау Қазақ КСР-інің 1979 жылғы Конституциясы бойынша тек сөз жүзінде ғана қалды. Іс жүзінде сөз, ақыл-ой бостандығы және басқа да азаматтық құқықтар табанға тапталды. Мұның өзі аузын буған өгіздей болғысы келмеген халықтың әр көз ашу-ызасын тудырып отырды.
Республиканың бірінші басшылығына өзі тіршілік етіп, жұмыс істейтін ортаның не тілін, не әдет-ғұрыптарын, не мәдениетін білмейтін адамды тағайындау – шектен шыққан кемсітушілік еді. Қазақстанның көптеген қалаларында алаңдар мен көшелерге шыққан халық өзінің азаматтық құқықтарының бірі – сөз бостандығын ғана пайдаланған болатын. Бірақ сол кезде – 1986 жылдың желтоқсанында, халықтың демократиялық ерік-құқын білдіруін ел басшылығы барлық адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде саналатын тәртіп тұғырын шайқалту деп қабылдады.
Алматы оқиғасы халықтың сана-сезімінің өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын білдіру құқығын пайдалануға деген аңсарының да көрінісі еді.
Желтоқсан оқиғасы барысында Қазақстанда алданып, түрмеге тасталған ақыл-ой мен ар-ождан тұтқындары пайда болды. Олар жоғарғы басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін білдіруден жасқанған жоқ, олар өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлерге айналды.
Алматы дүмпуінен кейін бейбіт шеруге қатысушыларды ұлтаралық жанжалды ушықтырды деп кінәлады, оларға «ұлтшылдар» деген айып тақты. Бірақ ондай әрекет кері өсер тудырды. Қазақстанда қазақ тілінің қадірсіз жағдайына, оның қолданылу аясының тарыла бастауына тұңғыш рет назар сонда аударылды. Бүгінде сөз бостандығы, ақыл-ой бостандығы заңды түрде Конституцияда бекітілген, республика оларды еш шектеусіз пайдалана алады. Қазақстан халықтарының барлық тілдеріне еркін дамуына жағдай жасалған, ал қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, күнделікті өмірге белсенді енгізілуде.
Республикада ұлттық мәдениетті, тарихты, дәстүрді тануға ұмтылыс басталды. Ұлттық дамудың семіп қала жаздаған тамырына жаңа нәр құйылды. Осы тұрғыдан алғанда 1986 жылғы Желтоқсан Қазақстан тәуелсіздігі үшін, қазақ ұлтының гүлденуі үшін, оның тарихы мен мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың барлығына да аса қымбат, аса қасиетті.
Сонымен, Желтоқсан оқиғасы – азапты тарихымыздың ашуға толы ақтық беті, азат тарихымыздың арман мен айбынға толы алғашқы беті болып табылады. Ол – баяғы ата-бабаларымыздан бермен қарай көкейкесті болып келе жатқан біршама мұраттарымызға жеткізер жарқын бетбұрысымыздың жойқын беташары болып саналады.
Ендігі міндет – Желтоқсан жол салып берген жаңару мен жаңаша даму процестерін ойдағыдай өрістете білу. Қай тараптың да саяси-экономикалық қоқан-лоққысына төтеп бере алатындай сындарлы мемлекет болу. Біздің бұл мұратымыз жұрттың бәр-бәріне де ұнай бермейді. Қаралай тістерін қайрап, ұрынарға сылтау таба алмай, сырттан кәукілдейтін әлімжетшіл әулекілік те аз емес. Өкінішке орай, олардың сағын сындырмай, бір сөздерін екі етпей, іштен тұрып қостай жөнелетін жарамсақ күштер де кездеспей қалып жатқан жоқ. Дүние жаратылып, су аққалы бір де бір ақыл-ой иесі барып көрмеген күпірлікке барып, егемендік пен тәуелсіздікке тіл тигізіп, оларды індетке, апатқа, дертке, нақұрыстыққа балап сөйлеп, бажылдайтын да солар.
Рас, біздің тәуелсіздігіміз қан майданда емес, бейбіт жағдайда келді. Бірақ, қан да төгілмей қалған жоқ. Қалай келсе де, одан қастерлі, одан қасиетті ештеңе болмауға тиісті. Тәуелсіздік алғанмен, бірден қарқ бола алмай жатқанымыз да рас. Бес ғасыр бойғы тілектің бәріне бес жылдың ішінде жете алмай жатқандығымыз да рас. Олқы түсіп, орашолақ кетіп жатқан тұстарымыз да аз емес. Бірақ, ағыл-тегіл тойғыза қоймадың деп анасының көкірегін қыршығанды кім көрген? Тісі шыққан да сүйте ме екен...
Ендеше ағайын, өтпелі кезеңнің бар қиындығын тәуелсіздіктен көріп, оны тәлкек еткісі келетіндердің шылауында кетпей, елдігімізді қастерлей білейік. Бір жағынан – жалаң экономикалық пайдакүнемдіктің, екінші жағынан – жағдай әлеуметтік іштарлықтың дертіне шалдықпай, бәрінен де егемендік пен тәуелсіздік мүддесін жоғары қойып, күллі қауымымыз бен ұлтымыздың күш-жігерін жаңару мен кемелдену жолына жұмылдыра алсақ қана елдігіміздің іргетасы нығая түспекші...
Тәуелсіздікке жету мен оны қорғап қалудың амалы екі басқа.
Бүгінгі тәуекел – осы жолдағы жаппай жауапкерлік.
Бүгінгі ерлік – осы жолдағы жаппай ыждаһат.
Өйткені, бүгін таңда тәуелсіздікті нығайтудың да, жуырда Елбасымыз өз Жолдауында айтқандай, «білек сыбанып, жұмысқа жұмылудан басқа жолы жоқ».
Желтоқсан рухы бізді осыған шақырады.
Азаттық туын асқақ, тәуелсіздік тұғырын берік ұстауға шақырады.
Осы жолда қан төккендердің жаны жанатта болғай!
Осы жолда тер төккендердің еңбегі жана бергей! Ісіміз өнікті, көшіміз көлікті болғай, ағайын!
Әбіш Кекілбаев