Фото: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет қайраткері, лингвист, түркітанушы ғалым, академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың туғанына 100 жыл толуына арналған «Мәдениет – өркениет – жаһаният контексіндегі гуманитарлық ғылым: тіл, этнос, қоғам» атты халықаралық конгресс өтті.
Ауқымды шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, профессор, Егей университетіндегі түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің басшысы Мұстафа Өнер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Әбдуәли Туғанбайұлының қыздары Әсел және Жанна Қайдар, филолог ғалымдар, шетелден келген түркітанушылар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конгресте Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта: «Әбдуәли Қайдар лингвистика саласының өзекті мәселелерін терең зерделеп, мән-маңызы зор ауқымды еңбектер жазды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында ұзақ жыл бойы жұмыс істеп, қатардағы қызметкерден бірінші басшыға дейінгі жемісті жолдан өтті. Академик Үкімет жанындағы терминология, ономастика комиссияларының жұмысын жандандыруға атсалысты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, ұйымның алғашқы төрағасы болды», – делінген.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтау хаттары оқылды.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Әбдуәли Қайдар тіл білімінің, соның ішінде филология және түркология салаларының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлға екенін атап өтті. «Әбдуәли Туғанбайұлы тіл білімінің үлкен жанашыры болды. Ана тілдің мемлекеттік тіл болып орнығуына атсалысты. Әбдуәли Қайдар тіл білімі мен әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың тәлімгері, біздің қадірлі ұстазымыз. ҚазҰУ-да дәріс оқып, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының дамуына елеулі үлес қосты. Білімді шәкірттер тәрбиелеп, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларға жетекшілік жасады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қабылданған «Тіл туралы» заңының жаңа жобасын жасауға қатысты», – деді ректор.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, ғалымның тіл білімі саласындағы еңбегіне тоқталды. «Әбдуәли Туғанбайұлы іркіліссіз ізденістің, есепсіз еңбектің, мойымас мінездің, таймас табандылықтың адамы еді. Сондықтан ғалымды ана тіліміздің «Алтын адамы» десек болады. Есік қорғанына жақын маңда туғаны үшін де, қайшыласқан тұста қайрат көрсете жүріп, қазақ тілдің мәртебесі үшін күресіп, «Қазақ тілі» қоғамын құрғаны үшін де, этнолингвистиканың түп басында тұрғаны үшін де, үндемей жүріп, үлкен істерді атқарғаны үшін де осылай атау әділетті әрі абзал болар еді», – деді Сенат депутаты.
Конгресте академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың ғылыми мұрасынан бастау алатын қазақ тіл біліміндегі, филология және түркітанудағы ғылыми парадигмалар талқыланды. Мұстафа Өнер, Нұрлан Оразалин, Жамал Манкеева, Шерубай Құрманбайұлы, Кәрімбек Құрманәлиев және т.б. ғалымдар баяндама жасап, Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың азаматтық және қайраткерлік қасиетіне тоқталды.
Халықаралық конгресте бірқатар кітаптар мен жинақтың тұсауы кесілді. Атап айтқанда: Әбдуәли Қайдардың «Ертеңін ойла еліңнің», «Халық даналығы», А.Сейітбекованың Сайф Сараиден аударған «Гүлістан бит-түрки» сөздігі, Г. Мамырбектің Құтбтан аударған «Хұсрау уа Шырын» дастаны, «Мәдениет – өркениет – жаһаният контексіндегі гуманитарлық ғылым: тіл, этнос, қоғам» конгресіндегі баяндамалар жинағы.
Пленарлық отырыс түрлі тақырыптарға арналған секцияларда жалғасты.
Қарагөз Серікқызы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Баспагерлік, редакторлық және
дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы