21 там, 2021 сағат 14:23

Абай суретін алғаш салған кім?


Елордадағы №87-ші Абай мектеп-гимназиясының «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығында ақынның өмірі мен шығармашылығына, заманына байланысты қомақты жәдіргерлер қамтылған. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай «Бала Абай», «Ақын Абай», «Хакім Абай» деген тақырыптарға бөлініп, сатылай таныстыру арқылы жан-жақты тақырыптық іс-шаралар, ашық сабақтар өткізіліп келеді. Осы орталықтың «Ақын Абай» бөлімінде Абайдың бейнесін қарындашпен салған П.Д. Лобановскийдің көшірме туындысы қойылған.

Абай суретін бейнелеу әлеміне тұңғыш әкелген Павел Дмитриевич Лобановский туралы көпшілік біле бермейді.

Абайдың заманында саяси жер аударылғандардың орталығы болып есептелген Семей қаласында 1878 жылы облыстық санақ комитеті құрылды. Ол кезде Семей облысына – Семей, Кереку, Зайсан, Қарқаралы уездері қарайтын. Санақ комитеті осы аймақтарды мекен ететін халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, географиялық жағдайын зерттейтін жалғыз мекеме болды.

Ол кезде саяси қылмысты деп танылып, Сібірге жер аударылған орыс, украина, белорус, поляк, және тағы басқа ұлттардың зиялы қауымының үлкен тобы Семей қаласында болатын. Бұлардың көпшілігі Ресейдің ірі қалаларындағы жоғары дәрежелі оқу орындарында әрқайсысы әртүрлі мамандық алуға даярланып жүрген алдыңғы қатардағы студенттер еді.

1884-1887 жылдырдың арасында саяси қуғын көргендер Семейге келгенде Абайдың 40 жастан жаңа асқан шағы. Олардың әрқайсысы 2-3 жылдан артық бұл өңірде тұрақтай алмаса да аз уақыт ішінде Абай өзінің кемеліне әбден келген, орысша сауатты, батыстың, шығыстың классикалық әдебиетінің озық үлгілерімен таныс, қоғамдық өмірге белсене араласқан жан-жақты қазақ екеніне таң қалдырады. Солардың ішіндегі ең көрнекті, аса талантты, терең білімділері Е. П. Михаэлис, Н. Долгополов, т.б. қатар Павел Дмитриевич Лобановский де болды. Ол айдау жазасын 1884 ж. тамыз айына дейін Өскемен уезінде өткізіп, одан Семейге әкелінген уақытта Абаймен танысады. Талантты суретші Абайдың білімі мен талантына бас иіп, достық сүйіспеншілік танытады. Абайдың портретін қарындашпен салып, қаладағы өлкетану музейіне тапсырады. Суретте дөңгелек жүзді, селдір мұрты мен сақалы жинақы, жарасымды , қазақы шапан киген тақиялы қазақтың терең ойға шомып отырған бейнесі түсірілген.

Портреттің сыртында: «Ибрагим Құнанбаев – Семей уезі Шығыс болысының қазағы. Қазақ даласында ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың баласы. Өзі де жеткілікті мөлшерде әйгілі адам. Өз халқыының әдет-ғұрпының білгірі. Қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі. Қырық бес жаста. Облыстық статистикалық комитеттің мүшесі» - деп жазылып автордың қолы қойылған. 1887 ж. деген белгісі бар. Портреттің көлемі 30-40 сантиметр, жылтыр картон қағазға салынған. Абайдың бұл портреті көрмеден оралған соң, көп жылдар Семейдегі өлкетану музейінде сақталып, 1940 жылы Семейде Абайдың Республикалық әдеби-мемориялдық музейі ашылғанда ақын музейіне қайтарылды. Содан бері мұражайдың құнды мұрағаттарының қатарында тұр.

Бұл Абайды бейнелеген сурет өнерінің ең алғашқы туынды. П.Д.Лобановский Абайды көзімен көріп, пікірлес бола жүріп, аса ыждахаттылықпен салған өнер туындысында Құнанбай мен Абайдың қазақ даласына танымал, ықпалды тұлғалар екенін жазады. Абай қазақ халқының әдет-ғұрпының білгірі екенін, ғалым адам екенін жазғанына қарай Абайды көп зерттеген, жете білген деп тануымыз қажет.


П.Д.Лобановскийдің бұл еңбегі Семейдің өлкетану музейіне өткізіледі.

1887 ж. 7 қарашада Статистикалық комитеттің мәжілісі болады. Онда Сібір – Орал ғылыми өндірістік көрмесіне экспонаттар даярлап жіберу мәселесі қаралады. Абайдың портреті сол көрмеге қойылуға шешім шығады.

Сонымен П.Д.Лобановский салған Абай портреті көрмеге қатысып, бүкіл Сібір мен Оралды аралап қайтады. Бұл Абайдай қазақ ақынының көзі тірісінде көрген алғашқы құрметі еді. Қазақтың кең сахарасындағы Абай сынды данышпан ақын, қоғам қайраткерімен Ресей халқының П.Д.Лобановский салған портреті мен оның жазған түсініктемесі арқылы алғаш танысуы болды.

Абайды бейнелеген сурет өнерінің алғашқы туындысы, сурет авторы П.Д.Лобановскийдің түсініктеме ретінде жазған жазбасы ақынның көзі тірісінде жазба әдебиетінде де алғашқы лебіз еді.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz