18 шілде – Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай пенитенциарлық мекемелерде сотталғандарға арнап кескіндемеден шеберлік сабағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қылмыстық атқару жүйесі комитеті шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен өткізді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, шеберлік сағаты пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп тұрған екі пенитенциарлық мекемеде өткен.
Оның бірі гибридті форматта ұйымдастырылып, бейнебайланыс арқылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен қосымша 20 пенитенциарлық мекеме қосылған.
Шеберлік сабағын белгілі қазақстандық суретші Асхат Ахмедьяров өткізді.
«Өнер арқылы сотталғандар арт-терапиядан өтті. Өнер – рухани тазарудың бір элементі. Салынған суреттердегі ойлар мен мақсат-тілектер шын жүректен шықты. Ойлануға негіз беретін керемет жұмыстар бар. Бас бостандығы шектеулі орындағы адамның жан тебіренісі, алаңдайтын мәселесі, сезімі бар суреттерде. Ең бастысы - суреттерден ертеңге деген үміт көрдім. Бұл өте маңызды», - дейді суретші.
«Бұл жұмыс БҰҰ-ның тұтқындарға қатысты минималды стандартты ережелерімен байланысты. Нельсон Мандела тұтқында болғанда осы қағидаттың іске асуына түрткі болған деседі. Муралды салуға маған сотталғандар көмектесті. Олар үшін бұл өзіндік психологиялық оңалту болды деп үміттенемін», - дейді қылқалам шебері.