16 мау, 2021 сағат 17:15

75 балдан кем жинаған талапкерлер докторантураға грантқа түсе алмайды


Докторантураға грантқа түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды. Ал, оқуға ақылы негізде түсу үшін шекті балл – 50, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, биыл докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураға түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Осы ретте докторантураға түсу үшін бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламаларының тобын таңдауға болатынын айта кеткен жөн.

«Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Бұдан әрі өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Оқуға түсушілер өңірлік тестілеу орталықтарында түсу емтихандарын тапсырады. Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсушілер емтихандарды өз жоғары оқу орындарының базасында тапсырады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Түсу емтихандарының кестесін ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы әзірлейді. Түсу емтихандарын өткізу бағдарламалары мен кестесі оқуға түсушілерге емтихан басталғанға дейін хабарланатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап докторантураға түсу емтиханы электрондық форматта өтеді. Үміткерлер компьютерде эссе жазады, докторантурада оқуға дайындық бойынша тест және білім беру бағдарламасының бейіні бойынша емтихандар тапсырады. 

«Қабылдау емтихандары тестілеу орталықтары базасында алғаш рет электрондық форматта өтеді. Бұл формат өткен жылы магистратураға қабылдау кезінде апробациядан өткен болатын. Дегенмен, бұл түсу емтихандары тек тестілеу форматында болады деген сөз емес. Сонымен бірге болашақ докторанттар жоғары оқу орындары бекітетін тақырыптар бойынша эссе жазады. Эссені бағалау, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихандардың нәтижелері арқылы алынған балдар жинақталып, қабылдау емтиханының қорытынды бағасы шығарылады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Жалпы, оқуға түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші - 100 балл. 

Оның ішінде эссе – 20 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейінді емтихан сұрақтары – 50 балл. Жалпы емтиханға 4 сағат беріледі. 

Докторантура бойынша мемлекеттік білім тапсырысына келетін болсақ, 2021-2022 оқу жылына PhD мамандарын даярлауға арналған мемлекеттік грант саны 1890 грантты құрайды. 

Докторантураға «магистр» дәрежесі және кемінде тоғыз ай жұмыс өтілі бар немесе медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқуын аяқтаған тұлғалар қабылданады.