Халқы ең ұзақ өмір сүретін Жапония елі зейнетақы реформасын жасауды жоспарлап отыр. Премьер-министр Синдзо Абе жапондықтарға зейнетке 70 жастан кейін шығуға ұсыныс білдіріп, оның орнына төлемақының көлемі артатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.
Әлемнің дамыған мемлекеттерінің көпшілігі зейнетке шығу жасын 65 жастан асыруға қызығушылық танытып отыр. Ал Жапония халқының демографиясы мен ұлттық мінезіндегі ерекшеліктер бұл жарыста басып озуға мәжбүрлейді.
Синдзо Абе 6 жылдан бері үкіметті басқарып келеді және қыркүйек айында тағы да 3 жылдық мандатты алуы мүмкін. Абе алдыңғы қатарлы Nikkei жапон газетіне берген сұхбатында бұл мерзімді әлеуметтік саланы реформалауға және елдің басты проблемасы - демографиялық мәселені шешуге арнағысы келетінін айтты.
Абе басқарған уақыт аралығында Жапония халқының жылдам қартаюы мен азаюына қарамастан, ел экономикасы 8 пайызға өскен. Бұл зейнеткерлерді экономикаға араласуға тартумен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, 2012 жылы 65 жастан асқан азаматтардың 20 пайызы ғана еңбек етсе, қазір бұл көрсеткіш 23,5 пайызға дейін көтерілген.
Премьер-министрдің айтуынша, бұл үрдісті бекітіп, ары қарай дамыту керек. Үкімет басшысы ол үшін жапондықтарға зейнетақы төлемдерінен 70 жастан кейін де бас тартуға рұқсат беріп, бұл межеден асқан соң көбірек ақша алуға мүмкіндік жасау керек деген ойда.