27 қаз, 2020 сағат 14:45

6 қазаннан бері шетелден ұшып келген 39 жолаушыдан коронавирус анықталған

Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов Қазақстанның халықаралық әуе рейстері бойынша жүргізілген тексеруге қатысты соңғы статистикалық мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«6 қазаннан бастап рұқсат беру шаралары күшіне енгелі бері Қазақстанға халықаралық әуе рейстерімен 44 834 жолаушы ұшып келді. Оның басым бөлігі, яғни 84 пайызы - шетелдіктер. ПТР-тест анықтамасыз 7 540 жолаушы келді. Оның бәрі де ПТР-тест тапсыру үшін 2 күнге карантин стационарына жатқызылды. Осы 7540 адамның ішінде 39-ынан коронавирус анықталды», - деді Сәдуақас Байғабылов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша екі күндік карантинге жолаушылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қарағанды қалаларында жатқызылып жатыр. 

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі ведомствоаралық комиссияның әуе компанияларына ПТР тесті нәтижесі туралы анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшаққа отырғызуға тыйым салу туралы шешімін түсіндірген болатын

Бұл талап тек шетелдік азаматтарға қатысты. Шетелде жүрген ҚР азаматтарының әуе рейстерімен ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтамасынсыз отанына оралуға құқығы бар. 

Мұндай жағдайда Қазақстанға келгеннен кейін қазақстандықтар ПТР-тестілеу нәтижесін алғанға дейін карантинге орналастырылатын болады. 

ҚР өңірлері арасындағы ішкі әуе рейстерінің ұшағына отырғызу кезінде ПТР-тест нәтижесі туралы анықтама талап етілмейді.