Фото: museum-alzhir.kz
31 мамырда Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Бұл күн ХХ ғасырдың тарихи шежіресінің ең ауыр кезеңдерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға, рухына тағзым етуге арналған. Осы айтулы күнге орай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында, «Алжир» мемориалды-музей кешеніне «Алжир» лагерінде болған тұтқындардың ұрпақтары келіп, гүл шоғын қойып, үнсіздікпен еске алып, тағзым етеді, – деп жазады Ult.kz тілшісі.
Кешеннің «Қасірет қақпасы» қасына 14 ұлт өкілінің ескерткіші орнатылған. Еске алу тақтасына есімі анықталған 7 270 әйелдің аты жазылған.
Дәл осы сияқты Қарағанды қаласында үлкен «Карлаг» лагері бар. Ол 1931 жылы құрылған. Жалпы Қазақстанда 60-қа жуық ірілі-уақты лагерьлер мен оның бөлімшелері болған екен. Онда сы алпыс қапасқа қамалғандар өз жазасын атақты 58-баппен, яғни 18 тармақтан тұратын «Халық жауы» деген бап. Оның 12-тармағында адамдарға «Ату жазасы» берілген. Осындай лагерьлерде жапа шеккен ұлт зиялылары мен олардың отбасы туралы «Алжир» мемориалды-музей кешені экспозициялық-көрме және зерттеу бөлімінің маманы айтып берді.
«Тұрар Рысқұловтың жары Азиза Рысқұлова сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Ол Мәскеудегі «Бутырка» түрмесінен айдалып келген. Кішкентай қызы үш жасқа толғанда «Осакаров» балалар үйіне , үлкен қызы Сәуле Рысқұлованы Одессо облысындағы балалар үйіне жөнелтіпті. Бейімбет Майлиннің жары – Гүлжамал Майлина Алматы түрмесінен осы «Алжир» лагеріне әкелінген. Бес баласы болған, үлкен ұлы соғысқа кетіп, қайта оралмаған. Қалған балалары Рәзия, Мереке, Еділ Семей балалар үйінде, тіпті ең кішкентайы Гүлсім де балалар үйінде тәрбиеленген. Бес жылға бас бостандығынан айырыпты. Сондықтан «Алжир» еңбекпен түзету лагерінде төрт жыл мал бағып жазасын өтеген. Қалған бір жылын Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагерінде өткізген», – дейді «Алжир» мемориалды-музей кешені экспозициялық-көрме және зерттеу бөлімінің маманы Бекжамал Шарибекқызы.
Оның айтуынша, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Жүргенова да «Алжир» тақсіретін тартқан. Берілген жазаның 3 жылын осында, қалған 5 жылын «Печерлагта» өтеген. Дәмеш Жүргенова – Қазақстанның медицина саласына еңбек сіңірген дәрігерлердің бірі.
«Қазіргі таңда «Алжир» мемориалды-музей кешеніне тарихшылар мен туристер, жазасын өтегендердің ұрпақ-жұрағаты көптеп келеді. Кезінде кеңестік жүйе жасырған тарихымыздың беймәлім тұстарына бүгінде біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Қысқарған «Алжир» атауының мағынасы – Отанына опасыздық жасағандардың әйелінің Ақмола лагері. Лагерьде 62 ұлт өкілінен құралған 8 мыңнан аса тұтқын әйел отырған», «Алжир» мемориалды-музей кешені экспозициялық-көрме және зерттеу бөлімінің маманы Бекжамал Шарибекқызы.
Айта кетейік, 2020 жылғы 24 қарашада Президенттің бастамасымен құрылған комиссия өз жұмысын аяқтады. 2023 жылғы 26 желтоқсанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді.
Ақбота Мұсабекқызы