02 мау, 2020 сағат 09:45

21 миллионға үй алған. Зерттеу Әзербайжан экс-қауіпсіздік министрінің Лондондағы байлығын әшкереледі

Әзербайжандағы қауіпсіздік министрлігі бұрынғы басшысының балалары Ұлыбританияда бірнеше зәулім ғимарат, оның ішінде құны 21 миллион доллар тұратын үй сатып алған. Бұл туралы Organized Crime and Corruption Reporting ұйымы, Finance Uncovered жобасы және Transparency International ұйымы жүргізген зерттеу нәтижесінде мәлім болды.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 2015 жылы ұлттық қауіпсіздік министрі Эльдар Махмудовты себебін түсіндірместен қызметінен босатқан. 2019 жылы қарашада хакерлер Кайман аралдарының Ұлттық банкі клиенттері жайлы ақпаратты қолды етіп, бар ақпаратты көпшілікке жария еткен. Сондағы ақпаратқа сәйкес, Махмудовтар отбасы құны 111 миллион доллар болатын бинес-империя құрған.

Зерттеушілер отбасы активтерінің жартысына жуығы Махмудовтың 26 жастағы ұлы Анар мен 31 жастағы қызы Наргизге қатысы бар компаниялар арқылы сатып алынғанын әшкере қылған.

Зерттеу авторлары жылжымайтын мүлік арасында Пуль және Борнмут қалаларындағы құны 16,7 миллион доллар тұратын кеңсе ғимараттарын анықтаған. Бұған қоса Лондонның Найтсбридж ауданындағы төрт қабатты ғимарат Анар Махмудовқа тиесілі екені белгілі болған. Ғимарат құны - 21 миллион доллар. 

2018 жылы Лондонда 10 жыл тұрған Махмудовтың енесі – Замира Хаджиева, әйгілі Harrods сауда үйінен осы жылдар аралығында 21 миллион долларға сауда жасағаны хабарланған. Лондон билігі 55 жастағы Хаджиева ақшаның қайдан келгенін түсіндіруін міндеттеп, мүлкін тәркілеген. Биыл ақпанда Хаджиева бұл іске қатысты аппеляциялық сотта жеңіліп қалды. Енді ол ақшасы қайдан келгенін дәлелдеуі тиіс. 

Finance Uncovered басылымына сұқбат берген Анар мен Наргиз Махмудовтардың адвокаты отбасының байлығы 19 ғасырда еңбек етіп, табысты болған аталарының бірі Аслан Ашуровтан қалған деп түсіндірген. Заңгерлердің сөзінше, барлық активтер заңды түрде тіркелген.

Зерттеу авторлары Махмудовтар отбасының Испания, Люксембург және Литва елдерінде де бірнеше компаниясы мен жылжымайтын мүлкі барын айтады.

Азаттық