ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде министр Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен республикалық маңызы бар автожолдарда ақылы жүйе енгізу мәселесіне арналған кеңес өтті.
Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеңес жұмысына вице-министр Берік Камалиев, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ұлан Әліпов және «Computer Vision Technologies» ЖШС Басқарма Төрағасы Зейнұр Майтеков қатысты.
Бүгінгі таңда ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын жолдың 18 учаскесінде бақылау аркаларын орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. 10 учаске тестілік пайдалануға берілді. «Шымкент-Өзбекстан шекарасы», «Орал- РФ шекарасы (Саратов)», «Орал – РФ шекарасы (Самара)» және Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор)», «Щучинск-Петропавл», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Тараз-Қайнар», «Қапшағай-Талдықорған», «Қостанай-Тройцк» учаскелерінде 41 бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылды. Барлық бағдарламалық-аппараттық кешендерді орнатуды аяқтап, қалған 8 учаскені тестілік пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды қамтитын I кезең аясында ақылы учаскелерді 2021 жылғы 30 наурызда іске қосу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, 2021 жылы инвестициялық келісімшарт аясында ұзындығы 800 шақырым болатын 5 учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған. Олар: «Петропавл-РФ шекарасы (Қорған)», «Щучинск – Зеренді», «Таскескен – Бақты», «Жетібай – Жаңаөзен» және «Ақтөбе – Қарабұтақ» учаскелері.
Бұл мәселе бойынша жүйелі негізде өңірлерде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. 2020 жылдың желтоқсан айында осындай 15 қоғамдық тыңдау өткізілді. Биылғы ақпан айында 13 учаске бойынша 58 қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылға қарай Қазақстандағы ақылы жолдардың ұзындығы 11 мың шақырымға жетеді. Одан түскен қаражат жолдарды жөндеуге, күтіп-ұстауға, ақы алу жүйелеріне қызмет көрсетуге және инвесторға төлеуге жұмсалады.