Әлеуметтік желілер енді тек сурет пен видео жариялайтын алаң емес. Олар бүгінде теледидардың орнын басып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі шығармашыл жандардың жаңалықтың жаршысы әрі трендтердің бастамашысы болуына мүмкіндік беріп отыр.
2024 жылы қазақстандық аудитория әлеуметтік желілердегі танымал видеолар арқылы қоғамдағы мәселелерді көтеріп, көңілді сәттерін бөлісті. Олар шетелдік трендтерге еріп, Дубай шоколадынан дәм татты, кореялық жүзімді таласып сатып алды. ULT.kz осы жылдың ең жарқын трендтерін еске түсірді.
Зорлыққа қарсы үн қатқан бикештер
Қуандық Бишімбаевтың атышулы соты әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Бұл оқиға тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қоғамда әлі өзекті екенін көрсетті.
Оқи отырыңыз: Қуандық Бишімбаевтың шын мәнінде қайда екені белгілі болды
Пайдаланушылар отбасылық қиындықтар мен өз өміріндегі өзгерістерді бейнелеп, жеке тәжірибелерін бөлісті. Осы уақытта Диана Исмаилдің «Кездесер» әні трендке айналып, зорлық көрген әйелдердің жаңа өмірге деген үмітін әуезді әнмен әрледі.
Қалтаны қаққан Дубай шоколады
Жазда TikTok қолданушылары Дубайдың әйгілі шоколадына ерекше қызығушылық танытты. Пісте пастасы мен кадаиф кеспесінен дайындалған тәтті өнім көптің назарын аударып, дәмін көруге деген құмарлық тудырды. Қазақстандықтар шоколадтың бағасы қымбат болғанына қарамастан, трендтен қалыс қалмады. Бүгінде оның баламасын жергілікті кондитерлер де жасап, нарыққа ұсынуда.
«Шайн мускат» жүзімі – қысқа мерзімді тренд
Шоколад тренді сәл бәсеңдегенде, оның орнын «шайн мускат» жүзімі басты. Бұл ерекше ірі әрі сүйексіз жүзімді камера алдында қытырлата жеп, пайдаланушылар өз реакцияларын бөлісіп жатты. Бастапқыда бағасы 6000 теңгеге дейін жеткен бұл өнім трендтен түскен соң, 2000-3000 теңге аралығына дейін арзандады. Дегенмен, бұл жүзім тұрақты сүйікті жемістердің қатарына кіре қойған жоқ.
Үнді қалыңдығы стиліндегі қыздар
Қазақстандық арулар TikTok-тағы «Asoka» трендінен шет қалған жоқ. Үнді қалыңдығы стилінде киініп, ерекше макияж жасау оңай көрінгенімен, монтаж шеберлігі пен шығармашылықты талап етті. Бұл трендке қатысқан әрбір қыз өзіндік бірегейлік қосып, аудиториясын таңғалдыруға тырысты. Олардың ішінде Айшолпан Байтүгелдің қысқа видеосы көп қаралым жинап, жылы пікірлерге ие болды.
Мұңаймаған әдемілер
Күзде TikTok-ты қырғыз әні «Мұнайба адеми» жаулап алды. 1995 жылы жарық көрген қазақтың «Үрбибі» әні қазақша емес, қырғызша трендке айналып, бүкіл әлемді жаулап алды. Элера Кабылжанқызының орындауындағы ән әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды топтастырып, достық пен туыстықтың нышанына айналды.
Тәттіге тойған мұғалімдер
Қыста оқушылар өз мұғалімдері мен сынып жетекшілерін тәтті шоколад сыйлап, қуантуы трендке айналды. Ереже бойынша мұғалім көзін жұмып, қолын жайып отырады, ал оқушылар өздері алып келген шоколадтарын мұғалімнің алақанына қояды. Кейбір ұстаздар бұл трендке әзілмен қарап: «Күнде әдемі болып киініп барамын, шоколад беріп қала ма деп», көңілді видеолар түсірді. Тренд уақыт өте тек мұғалімдерді ғана емес, мектептің техқызметкерлері, күзетшілері мен басқа да қызметкерлерін қамтыды.
"Үнсіз қалуға хақыларың жоқ"
Сондай-ақ жуырда қазақстандықтар блогерлерден жаппай "отписка" жасау трендін бастаған болатын. Қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары медиа тұлғалардың елде болып жатқан оқиғаларға әрдайым үнсіз қалатынына шағымданды.
Оқи отырыңыз: Шерзат ісі: Желі қолданушылар жаппай блогерлерден "отписка" жасап жатыр
Атап айтқанда, 4 қазан күні дүкен маңында қатыгездікпен өлтірілген Шерзат Полат ісіне қатысты блогерлердің үн қатпауы адамдардың ашуына тиді. Жаппай наразылық салдарынан актриса, блогер Ақерке Арыстың Instagram парақшасы тіпті бірнеше күн блокқа түсіп қалған болатын.
Анара Бауыржанқызы