20 қаң, 2021 сағат 15:35

2020 жылы МӘМС қорына қанша қаражат түсті?

2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна мен аударым түрінде 550 миллиард теңге түсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түсімдердің ең көп мөлшері азаматтардың жеңілдігі бар санаттары үшін аударылған мемлекет жарнасы есебінен жүзеге асырылды. Оның көлемі – 297,6 млрд теңге, бұл барлық аударымның 54%-ы. Осылайша, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін сақтап келеді. Жұмыс берушілердің жұмысшылары үшін аударымы 162,6 млрд теңге (30%). Ал жеке тұлғалардың аударым көлемі 16%», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов. 

Оның айтуынша, 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна мен аударым түрінде түскен қаржы мөлшері 550,4 миллиард теңге. 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан түсетін барлық қаражат тұрғындарға медициналық көмек ақысын төлеуге бағытталған. Өткен жылы қордың медициналық қызметтерін сатып алу жоспары 1 807 млрд теңге болды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге өсті. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қаржыландыру – 1,2 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – 569 млрд теңгеге жетті. Қаржыландырудың едәуір ұлғаюы халыққа медициналық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұрынғыдай амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыруға басымдық бере береміз», - дейді ол.