06 қаң, 2021 сағат 11:38

2020 жылы Қазақстанда тіркелген көліктің жалпы саны белгілі болды

2020 жылы Қазақстанда 1,3 миллионнан астам автокөлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 1 369 668 автокөлікті тіркеуге қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,2 пайызға кем. Оның ішінде 1 223 677-сі бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 11,7 пайызға төмендеді. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны артып, 145 991-ді құрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 30,8 пайыз жоғары. Осы көрсеткішке 2020 жылы бастапқы әрі уақытша тіркеуге қойылған Армениядан жеткізілген 17 398 жеңіл автокөлік еніп отыр», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында 73 жеңіл электромобиль тіркелген. 

«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (66,9 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған. 

Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі – 502 798 көлік (41,1 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер – 25,9 пайыз (316 377 көлік). 

Ал 4-тен 7 жылға дейінгілер – 210 415 көлікке (17,2 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 121 395 көлікке (9,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көлік саны 60 605-ке жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 1 пайыз (12 087 автомобиль) болды.