09 жел, 2020 сағат 16:57

2020 жылғы «ZEREN» білім жобасының қорытындысы шықты

Бүгін Нұр-Сұлтанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен онлайн форматта ұйымдастырылған «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» тақырыбында «ZEREN» республикалық жастар білім жобасының жабылуы өтті.

Министрлік мәліметінше, шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері, жастар бірлестіктерінің көшбасшылары, волонтерлер, «Болашақ» стипендиаттары, еліміздің барлық өңірлерінен колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жиында сөз алған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жастардың егемендікті сақтаудағы және мемлекеттілікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Министр Аида Балаева «Бұл жоба – жастар үшін тек білім алатын емес, белгілі тұлғалармен кездесіп, жаңа таныстыққа жол ашатын алаң. «Зерен» жобасының ең басты мақсаты да осы», деп атап өтті.

2020 жылы туындаған санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоба онлайн форматта өткізілді және жастардың өзін-өзі дамытуға, жас ұрпақтың пікірі призмасы арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын іске асыруға жағдай жасайтын жаңа шындықтарды жан-жақты топтастыруға бағытталған.

Іс-шараның бұл форматы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 4500-ден астам жастарға өз дағдыларын, идеяларын көрсетуге және елдің танымал тұлғаларымен кездесуге, олардан кеңестер мен практикалық ұсынымдар алуға мүмкіндік берді.

«Zeren» екі негізгі платформада жұмыс істеді - Online Bilim және Online Dialog. Online Bilim - жастардың онлайн сабақтар арқылы жаңа білім алуға мүмкіндік беретін онлайн-оқыту платформасы.

Аида Балаева: 

«Биылғы Жобадан алған білімдеріңіз, көрген тәжірибелеріңіз сіздердің алдағы өмірлеріңізге, жоспар-жобаларыңызға мол пайдасын тигізеді деп сенемін», - деді.

Сонымен бірге, Министр Online Bilim-ге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1300-ден астам жас қатысқанын, жастар өкілдері сарапшылармен бірге стартаптар мен бизнес-жобаларды дамытуды үйренгенін атап өтті. 

Аида Балаева осы секция жұмысының нәтижелері бойынша YouTube-та «Киелі табиғат» ғылыми-білім беру каналы құрылатындығын, оның видеоконтенті мектептерде, колледждерде және университеттерде жастар комитеттері мен жастар ресурстық орталықтары арқылы таратылатынын айтты. 

Сондай-ақ, жастар арасында экософия қағидаларын насихаттау және экологиялық акциялар өткізу үшін еріктілік негізде жалғастыратын экологиялық қозғалыстардың жетекшілерін оқыту жоспарланғанын» атап өтті.

Жалпы, биыл тренинг бес бағыт бойынша өтті: ақпараттық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі, жеке тұлғаны дамыту, азаматтық белсенділік, еріктілік. 

Жобаның екінші негізгі компоненті - Online Dialog алаңы, ол 5 бағытты қамтыды: ақпараттық технологиялар, жоғары сапалы және қолжетімді білім, жұмыспен қамту және жеке даму мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру. 

Online Dialog тек пікірталас алаңына айналып қана қоймай, сонымен қатар жастарды мемлекеттік және қоғам қайраткерлерімен, сарапшылар мен бизнес қауымдастықтарымен таныстырды. 

Жобаның негізгі мақсаттарының бірі - жұмысқа өңірлердегі ауыл жастарын тарту екенін атап өткен жөн. Online Bilim бағыты бойынша 25 байланыс және Online Dialog бағытында 5 байланыс болды.

2020 жылдың 9 қарашасында басталған жоба іске қосылған сәттен бастап қатысушылар Саясат Нұрбек, Жанна Ибраева, Эмин Әскеров, Ахметов Әсет және т. б. сияқты үздік қазақстандық спикерлердің, өз ісінің кәсіби мамандарының еріктілік, азаматтық белсенділік, жастар кәсіпкерлігі, ІТ технологиялар, жеке даму саласындағы құзіреттерін, дағдыларын арттырды.

Сонымен қатар, диалог алаңы аясында ҚР Парламентінің депутаттары, салалық министрліктердің министрлері мен вице-министрлері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, сарапшылар және т. б. сөз сөйледі.

Жобаның қорытындысы бойынша YouTubе видеохостингісінде ашық қолжетімді барлық бейне-сабақтардың, мастер-класстардың жазбалары дайындалды, бұл кез-келген адамға танысуға және өзіне жаңа нәрсе ашуға мүмкіндік береді.

Іс-шара жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттаумен аяқталды.

Еске сала кетейік, 2018 жылы басталған «ZEREN» жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жастар ұсынған бизнес-жобаларды іске қосу, ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттыру, ауылдық жерлердегі белсенді, талантты жастарды анықтау және біріктіру алаңына айналды.

Бұл жоба 2021 жылы да жалғасады.